Футбол: «Ювентус» чемпиондар лигасының финалына шықты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан УЕФА-ның чемпиондар лигасының жартылай финалында Италияның «Ювентус» клубы өз алаңында Францияның «Монакосын» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Матч» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, ойын барысында қос команда да барын салды. 3 мамыр күні Монакода өткен бірінші кездесуде 2:0 есебімен (қос голдың да авторы - аргентиналық шабуылшы Гонсало Игуаин) жеңіске жеткеніне қарамастан, «Ювентустың» бас бапкері Массимилиано Аллегри барлық күшті ойыншыларын алаңға шығарды. Ал өз алаңында жеңіліс тапқан «Монакоға» шегінер жер жоқ еді. Сондықтан оларға алға ұмтылуға тура келді. 5-минутта Францияның жас жұлдызы, 18 жасар Килиан Мбаппе-Лоттин тепкен доп қақпа бағанасына тиіп, кері серпілді. Оған ұмтылған колумбиялық Радамель Фалькао ойыннан тыс қалды.

22-минутта Г.Игуаин өз мүмкіндігін пайдалана алмаса, үш минуттан кейін хорватиялық шабуылшы Марио Манджукич «Монаконың» қақпашысы, өзінің отандасы Даниел Субашичпен бетпе-бет шығып, гол соға алмай қалды. Дегенмен 33-минутта дәл сол Манджукич «Ювентустың» атақты қақпашысы Джанлуиджи Буффон бастаған шабуылды аяғына дейін жеткізіп, бразилиялық Даниэл Алвестің пасынан кейін есеп ашты. Ал 44-минутта Д.Алвеске кезек келді.

Монакодағы алғашқы ойында да тамаша ойнап, өкшесімен пас беріп, гол соғуға жағдай жасаған Даниэл Алвес Субашич қайтарған допты айып алаңына кірместен, шірене теуіп, қақпадан бір-ақ шығарды. 

Екінші таймда К.Мбаппе-Лоттин өзінің шеберлігі толысып келе жатқанын көрсете білді. Бар болғаны 18 жастағы шабуылшының соққан добын 67-минутта аса тәжірибелі, 39 жасар Буффон қайтара білді. Әйтсе де екі минуттан кейін Килиан дегеніне жетіп, есепті қысқартты. Буффонның қақпасына гол соғу - ол үшін, әрине, үлкен жетістік. Бұдан кейін командалар қанша тырысқанымен, есеп өзгерген жоқ.
Осылайша, екі елдің чемпионы (таяу күндері «Ювентус» алтыншы рет қатарынан жеңімпаз атанып, Италия біріншілігінің тарихында рекордтық көрсеткішке қол жеткізгелі отыр) бетпе-бет келген жартылай финалдық бәсекеде итальяндықтардың шеберлігі әлдеқайда басым болды.

Айта кетейік, М.Аллегри бұдан екі жыл бұрын «Ювентусты» чемпиондар лигасының финалына шығарып, онда «Барселонадан» 1:3 есебімен жеңіліп қалған болатын. Биыл сол «Барселонаны» ширек финалда жолдан тайдырған итальяндық клуб 3 маусым күні Кардифф (Уэльс) қаласындағы «Миллениум» стадионында өтетін финалдық матчта тағы бір испаниялық командамен кездеседі. Оның қарсыласы қос мадридтік клуб «Атлетико» мен «Реалдың» біреуі болмақшы. Бұл бәсекеде өз алаңындағы бірінші матчта 3:0 есебімен (хет-триктің авторы - португалиялық Криштиану Роналду) «Атлетиконы» ұтқан «Реалдың» мүмкіндігі жоғары. Екінші финалист 11 мамырға қараған түні анықталады.

Соңғы жаңалықтар
telegram