Футбол: Зайнутдиновтің командасы Ресей чемпионатында жеңіске жетті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Бактиер Зайнутдинов ойнайтын «Ростов» командасы өз алаңында «Уралды» (Екатеринбург) ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дондағы Ростовта өткен қос команда үшін де маңызды ойынды Б.Зайнутдинов қосалқы құрамда бастады.
Бірінші таймда 10-минутта қонақтардың сапындағы қорғаушылардың қателігін пайдаланған Алексей Ионов 30 метрдей жерден қақпашы Ярослав Годзюрдан айласын асырды - 1:0.
Алаң иелерінің бұдан кейін де гол соғатын мүмкіндіктері болды. Бірақ оны пайдалана алмады. Есесіне 52-минутта «Уралдан» жартылай қорғаушы Отман Эль-Кабир жеке шеберлігі арқасында «Ростовтың» қорғаушылары мен қақпашысы Сергей Песьяковты қапы қалдырды - 1:1.
Бұл матчта қалайда жеңуді мақсат тұтқан кезіндегі танымал ойыншы, «Ростовтың» бас бапкері Валерий Карпин шабуыл шебін жандандырып, 68-минутта Қазақстан мен Өзбекстан ұлттық құрамаларының мүшелері Бактиер Зайнутдинов пен Элдор Шомуродовты шығарды. Аз уақыт берілсе де, бұл екеуі өзара түсінісіп ойнай алатынын көрсетті. Бактиер бірнеше шабуылға қатысты. Көп ұзамай 84-минутта Болгарияның тәжірибелі ойыншысы Ивелин Попов та қосылды.
Ақыры 93-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін «Ростовтан» словениялық қорғаушы Миха Мевля жеңіс голын соғып кетті - 2:1.
Бұл матчтан кейін 32 ұпай жинаған «Ростов» командасы премьер-лигада алтыншы орында келеді. В.Карпиннің шәкірттері келесі кездесуін 7 сәуір күні Уфада биылғы маусымда ойыны қожырап, соңғы орындардың бірінде келе жатқан жергілікті командамен өткізеді. «Уфаның» құрамында бұдан бұрын тағы бір қазақстандық жас шабуылшы Еркебұлан Сейдахметтің болғаны белгілі. Алайда ол жарақатына байланысты көп ойыннан тыс қалып, биыл Болгарияның атақты «Левски» клубына ауысты.
Айта кетейік, Б.Зайнутдинов Ресей чемпионатында әзірге гол соға қойған жоқ. Дегенмен көбірек сенім артылса, Бактиердің өз мүмкіндіктерін құр жібермесі анық.