Футбол: Жапония жеңілсе де, келесі айналымға өтті
Ойын басында жапониялықтар белсенді көрінді. Әсіресе, Такаси Усамидің соққылары поляк қақпашысы Лукаш Фабианскийдің әбден мазасын қашырды. Жылдам шабуылдардың бірінде Сибасаки ұрымтал тұсқа шыққан. Алайда, оның жолына еуропалықтар бөгет болды. Бірінші тайм соңына қарай Енджейчик-Левандовски-Берешиньски үштігі Жапонияның айып алаңына беттеген. Бірақ, соңғысы допты өз ырқына бағындыра алмады.
Ал кездесудің екінші бөлігі Польша құрамасының басымдығымен өтті. 59-минутта олар айып добын тебуге мүмкіндік алды. Рафал Кужаваның асырған пасына поляк қорғаушысы Ян Беднарек бірінші жетіп, қарсылас қақпасының торын тулатты.
Айта кетейік, қорғаушы осы ойындағы ғана емес, өзінің ұлттық құрамасындағы бірінші голын соқты. Бұл шабуылға «Күншығыс елінің» үздіктері Йосида мен Инуи қарымта жауап қайтарған. Дегенмен, оларға дәлдік жетіспей жатты.
Төреші қосқан қосымша минуттарда айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Жапония құрамасы ұтылып қалса да, Колумбия құрамасымен қатар келесі айналымға өтті.