Футбол: «Жетісу» мен «Ақжайық» командалары тең ойнады
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Футболдан ел біріншілігінің кезекті турында Талдықорғанның «Жетісу» командасы өз алаңында «Ақжайықты» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ойын барысында қос команда алма-кезек шабуылдауға тырысып бақты. Дегенмен алаң иелері бірінші болып есеп ашты. 33-минутта Рауль Джалилов әбжілдік танытып, «Жетісу» клубын алға шығарды.
Екінші таймда оралдықтар да барын салды. 70-минутта Латвия ұлттық құрамасының ойыншысы Артур Карашаускс айып алаңында өз шеберлігін көрсетіп, таразы басын теңестірді.. Бұл оның «Ақжайық» сапындағы алғашқы голы еді.
Осылайша оралдықтар екінші матч қатарынан 1:1 есебімен тең ойнады. Украиналық маман Сергей Зайцевтің шәкірттері 25 ұпаймен әзірше алтыншы орынға көтерілді.
Бүгін сондай-ақ «Атырау» мен «Қайсар», «Ақтөбе» мен «Астана» командалары өзара кездесуде.