Футболдан ӘЧ-2027: Қазақстан әйелдер құрамасы плей-офф сатысына шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан әйелдер құрамасы 2027 жылы әйелдер арасындағы футболдан Әлем чемпионатының еуропалық іріктеу кезеңінде плей-офф сатысына шықты.

футбол
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Отандастарымыз С дивизионының 6-тобында Беларусь және Армения құрамаларымен сынға түсті.

Бегайым Қырғызбаеваның шәкірттері топтық кезеңде 7 ұпай жинап, екінші орынды иеленді. Бұл нәтиже С лигасындағы екінші орын алған үздік командалар қатарына енуіне мүмкіндік туғызды.

Топтағы ойындарда Армения: 3:0 есебімен жеңіп, қарымта ойында 1:1 есебімен тең түсті. Ал Беларусьті 1:0 есебімен тізе бүктірсе, келесі кездесуде 0:1 есебімен есе жіберді.

Жеребе тарту рәсімі 18 маусымда Швейцарияның Ньон қаласында өтеді. Сол арқылы Қазақстан құрамасының плей-оффтың бірінші кезеңіндегі алғашқы қарсыласы анықталады.

Күз айларында өтетін өтпелі матчтарда А, В және С лигасы құрамалары 2027 жылғы әлем чемпионатына жолдама үшін бақ сынайды. Бұл кезеңде жалпы есепте 7 тікелей жолдама және 1 континентаралық плей-офф жолдамасы сарапқа салынады.

Айта кетсек, әйелдер арасындағы 10-шы әлем чемпионаты 2027 жылдың 24 маусым-25 шілде аралығында Бразилияда өтеді. Турнирге әлемнің ең үздік 32 ұлттық құрамасы қатысады.

Еске салсақ, бұдан бұрын FIFA әлем чемпионатында төрешілердің өкілеттігін кеңейтпек.