Футболдан ӘЧ: Англия пенальтиден Колумбияны жеңіп, ширек финалға шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеудегі «Спартак» стадионында Колумбия мен Англия матчы негізгі уақытта тең аяқталып, экстратаймдарға ұласты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бірінші экстратаймда колумбиялықтар көбірек шабуылдағанымен, одан ештеңе өне қойған жоқ.
Екінші экстратайм басталысымен 88-минутта алаңға шыққан Джейми Варди колумбиялық қақпашыға тура соққы жасағанымен, ойыннан тыс қалды.
118-минутта Дэнни Роузға қарсы тәртіп бұзған колумбиялық Хуан Куадрадо да ескерту алып тынғаннан кейін айып алаңына асырылған допты Давид Оспина қайтара білді.
Осылайша экстратаймдар да еш нәтиже бермеді. Жалпы, кездесу статистикалық көрсеткіштер жағынан тең жағдайда өтті деуге болады.
Пенальти сериясын Колумбия капитаны Радамель Фалькао бастап, одан мүлт кеткен жоқ. Ағылшын капитаны, чемпионат сұрмергені Гарри Кейн есесін жібермеді. Хуан Куадрадо Колумбияны қайта алға шығарды - 2:1. Маркус Рэшфорд - 2:2. Луис Муриэль - 3:2. Джордан Хендерсонның соққысын Давид Оспина қайтарды. Матеус Урибе тура қақпа маңдайшасына тепті. Киран Триппьер - 3:3. Карлос Бакканың соққысын Джордан Пикфорд тойтарды. Эрик Дайер - 4:3.
Осылайша пенальтиден 4:3 есебімен ұтқан Англия құрамасы ширек финалға жолдама алды.
Айта кетейік, ширек финалда 6 шілде күні Нижний Новгородта Уругвай - Франция, Қазанда Бразилия - Бельгия, 7 шілдеде Самарада Швеция - Англия, Сочиде Ресей - Хорватия құрамалары күш сынасады.