Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Футболдан ӘЧ: Бельгия ең соңғы секундтарда жеңіс голын соғып кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дондағы Ростов қаласында Бельгия мен Жапония құрамалары жасыл алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан ӘЧ: Бельгия ең соңғы секундтарда жеңіс голын соғып кетті

Бельгиялықтар топтық бәсекеде үш кездесуінің бәрінде де жеңіске жетіп, қарсыластар қақпасына тоғыз гол соқты. Сондықтан олар осы ойын ғана емес, дүниежүзілік доданың басты фавориттерінің бірі екендігі анық. Ал Жапония ұйымшылдығымен, қорғанысты мығым ұстап, керек кезінде шабуылға шыға білуімен ерекшеленеді.

Сенегалдық Маланг Дидьеу қазылық еткен матчта Бельгияның бас бапкері Роберто Мартинес атағынан ат үркетін кіл мықтыларын шығарды: Тибо Куртуа (қақпашы), Тома Мёнье, Ян Вертонген, Венсан Компани, Тоби Алдервейрелд, Янник Карраско, Кевин Де Брёйне, Аксель Витсель, Дрис Мертенс, Эден Азар (капитан), Ромелу Лукаку.

Жапониялық жаттықтырушы Акира Нисино мына ойыншыларына сенім артты: Эйдзи Кавасима (қақпашы), Хироки Сакаи, Юто Нагатомо, Мая Ёсида, Гэн Сёдзи, Гаку Сибасаки, Макото Хасэбэ (капитан), Синдзи Кагава, Такаси Инуи, Гэнки Харагути, Юя Осако. Жапонияның бас жұлдызы Германияның «Боруссия» (Дортмунд) командасының намысын қорғайтын Синдзи Кагава екендігі белгілі.

Бір қызығы, кездесу жапондардың шабуылымен басталды. Дегенмен бельгиялықтар бірте-бірте ойын тізгінін өз қолдарына алды.

Бельгия сапында 40 гол соққан сұрмерген Р.Лукакудың соққыларына жапондық қорғаушылар тосқауыл қоя білді. Жапондар да ара-тұра қарымта шабуылға шығып отырды. 44-минутта Нагатомо қақпаға бағыттаған допты Осако сәл түзеп жіберді. Т.Куртуа допты уысынан шығарып алып, қақпасына гол өткізіп ала жаздады.

Екінші тайм басында жапондар қарымта шабуылды керемет жүзеге асырды. Оң қанаттан құстай ұшқан Гэнки Харагутиді Ян Вертонген ұстап үлгермеді. Гаку Сибасакиден пас алған Харагути 49-минутта алыс бұрышты дәл көздеді - 1:0. Екі минуттан кейін Дрис Мертенстің пасынан кейін Эден Азардың қауіпті соққысы қақпа жақтауынан қайтты.

Азия өкілдері 52-минутта есепті 2:0-ге жеткізді. Синдзи Кагава орта тұстағы Такаси Инуиға пас берді. Инуидің айып алаңына кірместен, шірене тепкен добы қақпадан бір шықты.

Жеңілу қаупі анық төнген Бельгия алға ұмтылды. 62-минутта Лукакудың баспен соққан добы қақпадан қиыс кетті. Үш минуттан кейін оң қанаттан Хироки Сакаи қақпаға қарай бағыттаған допты Куртуа қайтарып үлгерді. Одан соң жапондық ойыншы тепкен доп қақпаға дарымады.

Қорғаушы Мая Ёсида Лукакудың соққысына тосқауыл қойғанымен, сәлден кейін 71-минутта Вертонген баспен бағыттаған доп тоғыздықтан бірақ шықты - 2:1. 74-минутта Азардың пасынан кейін екінші таймда алаңға шыққан Маруан Феллайни таразы басын теңестірді - 2:2.

86-минутта Эйдзи Кавасима әуелі ойынның екінші кезеңінде тыңнан қосылған Насер Шадлидің, сосын Лукакудың соққысын қайтарып, қатарынан екі мәрте сэйв жасады. 91-минутта Куртуа өзінің ойыншысынан келген допты қайтара білді. Сосын бельгиялық қақпашы Кейсуке Хонданың да айып соққысын қайтарды.

Бұрыштамадан берілген доптан кейін жапондықтардың қорғанысты ұмытқанын пайдаланған бельгиялықтар ұйымдастырған ұшқыр шабуылдан соң Насер Шадли ең соңғы секундтарда жеңіс голын соғып кетті.

Осылайша 3:2 есебімен Жапонияны ұтқан Бельгия 6 шілде күні Қазанда бес мәрте әлем чемпионы Бразилиямен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.