Футболдан ӘЧ: Германия Швецияның мысын баса ала ма?
Бұл бірінші турда 0:1 есебімен Мексикадан ұтылып қалған әлем чемпионы Германияның соңғы мүмкіндігі деуге болады. Дәл сондай есеппен Оңтүстік Кореяның меселін қайтарған шведтер де осал емес.
Егер Йоахим Лёвтің шәкірттері бүгін жеңілетін болса, онда жолдамадан қағылады. Сөйтіп олар өз тарихында әлем чемпиондары ретінде өз тобынан алғаш рет шыға алмауы мүмкін. Бұдан бұрын осындай кепті 2002 жылы Франция, 2010 жылы Италия және 2014 жылы Испания киген болатын. Сондай-ақ немістердің өзі 2000 жылғы Еуропа біріншілігіне чемпион болып барып, топтан өте алмай, масқарасы шығып қайтқан еді.
Янн Андерссон жаттықтыратын Швеция құрамасының әлем чемпионатына жолдаманы Италиядан жұлып алғаны белгілі. Германиямен ойында қорғаушылар Понтус Янссон мен Филип Хеландер, жартылай қорғаушы Маркус Роден және шабуылшы Исаак Кисе Телин алаңға шықпауы мүмкін. Немістерден қорғаушы Матс Хуммельстің матчқа қатысу-қатыспауы неғайбыл.
Қарсыластардың алдын ала құрамы мынадай: Германия - Нойер, Киммих, Боатенг, Шюле, Гектор, Горецка, Кроос, Мюллер, Озил, Ройс, Вернер.
Швеция - Ольсен, Лустиг, Янссон, Гранквист, Аугустинссон, Клаессон, Ларссон, Экдаль, Форсберг, Тойвонен, Берг.
Матчқа поляк Шимон Марчиняк қазылық етеді.
Айта кетейік, бүгін сондай-ақ F тобында Дондағы Ростовта Оңтүстік Корея - Мексика командалары шеберлік байқасады. Онда мексикалықтар жеңіске жетсе, плей-офф бәсекесіне жолдама алады.