Футболдан ӘЧ: Кім топтан сүрінбей шығады? - біздің болжам
АСТАНА. ҚазАқпарат - Санаулы күндерден кейін төрткүл дүние төрт жыл бойы күткен футболдан әлем чемпионаты басталады. Биыл Бразилияда өтетін дүбірлі доп додасында кім топ жарады? Қандай жарық жұлдыздар ашылады? Күллі әлем назарын тігіп отырған бәйгенің қарсаңында «ҚазАқпарат» осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп, Мундиальға қатысушылардың мүмкіндіктерін таразыға салуды жөн көрді. Бүгінгі мақалада топтық кезеңге талдау жасап көрелік...
Топтық кезең
А тобы. Бразилия, Хорватия, Мексика, Камерун. Алғашқы топта Чемпионатты ұйымдастырушы ел әрі әлемнің бес дүркін чемпиондары Бразилия құрамасына Хорватия, Мексика және Камерун қарсылас атанбақ. Бұл топтың серкесі сөзсіз алаң қожайындары болуы тиіс. Жалпы, Неймар бастаған «пентакампеондарға» ауыр жүк артылып отыр, себебі әлеуметтік наразылық жайлаған Бразилия халқына тек кубок қажет. Басқа нәтиже оларды қанағаттандырмайды. Сондықтан Луис Фелипе Сколари шәкірттеріне барын салу қажет. Бір қызығы, бұл жолы Бразилия құрамындағы басты жұлдыздар қорғаныс шебінде жиналған. Тьяго Сильва, Давид Луис пен Данте, Марсело мен Дани Алвеш секілді тасқамал қорғаушылардың қарсыласты Жулио Сезардың қақпасының маңайына жолатпауға шамалары келеді. Бүкіл елдің үкілеген үмітіне айналып отырған Неймар үшін бұл ерекше сын. Бірінші орынды алаң иелері ешкімге бере қоймас деп отыр мамандар. Ал екінші орын және 1/8 финалға жолдама үшін күресті қалған үші құрама жүргізетін болады. Бұл ретте Балқан түбегінен келген аяқдопшылар мен мексикалықтардың мүмкіндіктері сәл басымырақ көрінеді. Біздің болжам: Бірінші орын Бразилияға бұйырады, екінші орын үшін күрес Хорватия мен Мексика арасында өтеді. Құрамы жағынан хорваттардың мүмкіндіктері жоғарырақ көрінеді.
В тобы. Испания, Голландия, Чили, Австралия. 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен соңғы Әлем біріншілігінің финалында Испания мен Голландия құрамалары ойнағаны белгілі. Бұл жолы азулы қарсыластар топтық турнирде жолығып отыр. Сондай-ақ бұл топта Чили мен Австралия да өнер көрсетеді. Көрші топта Бразилия, сондықтан да барлығы тек бірінші орын үшін айқасатыны айтпаса да түсінікті. Қазіргі Әлем және Еуропа чемпиондары Испания осы жолы да жетістігін қайталай ала ма? Төрт жыл бұрын жасындай жарқылдап, алтынды әперген Касильяс, Хави, Иньесталар орда бұзар шақтан асып барады. Ал жас ойыншылар құрама тізгінін өз қолдарына алуға әзірге асығар емес. Ал Голландия ше? Роббен, Снейдер, Ван Перси секілді жарық жұлдыздармен бірге Бразилия алаңында негізінен жас ойыншылар доп тебеді. Жалпы Луи Ван Галь шәкірттері Мундиальдағы ең жас құрама. Чили алғашқы кездесуінде жеңіске жетіп жатса, алыптармен бәсекелесе алады. Ал австралиялықтардың топтан шығатынына мамандар да, букмекерлер де сенбейтін секілді. Біздің болжам: Испания мен Голландия алғашқы екі орынды иеленіп, келесі кезеңге өтулері тиіс.
С тобы. Колумбия, Кот д`Ивуар, Грекия, Жапония. Бұл топтан кім шығатынын болжау оңай емес. Дрогба мен Яя Туре секілді жарық жұлдыздар үшін құрама сапында жетістікке жетудің соңғы мүмкіндігі болып қалуы ықтимал, сондықтан «Піл сүйегі жағалуынан» келген футболшылар аянып қалмасы анық. Колумбияның басты жұлдызы Радамель Фалькао жарақатына байланысты әлемдік додаға қатыса алмайды, алайда бұл құрамада онсыз да Еуропа алаңдарында доп теуіп жүргендер жетерлік. Ал Күншығыс елінің өкілдері мен эллиндер қашанда еңбекқорлығымен, темірдей тәртібімен танылып келеді. Сол себепті бұл топтағы әр ойын тартысты боларын ғана болжауға болады. Біздің болжам: Төрт команданың да топтан шығуға мүмкіндіктері салыстырмалы түрде шамалас десек болады. Колумбия мен Кот д`Ивуардың құрамы жақсы болса, гректер мен жапондықтардың жоғары деңгейлі турнирлерде сәтті өнер көрсету тәжірибелері мол.
D тобы. Уругвай, Италия, Англия, Коста Рика. Бұл топта әр жылдары әлем чемпионы атағын жеңіп алған үш бірдей команда келесі кезең жолдамасын сарапқа салмақ. Уругвайдың шабуыл шебі мықты. Луис Суарес пен Эдинсон Кавани жұбын тұсап ұстап тұру үшін қорғаушыларға талай тер төгу қажет болады. Берік қорғанысқа иек артатын итальяндықтар мен әу баста футболды ойлап тапқан ағылшындар кез келген ірі турнирлердің фаворитттері қатарында болатыны түсінікті. Бірақ осы жолы қос құраманың проблемалары ұқсас секілді. Екі команданың жетекші ойыншылары - Италиядағы Буффон мен Пирло да, Англиядағы Джеррард пен Лэмпард та футболдық өлшеммен алғанда ақсақал жасына жетті. Жаңа көшбасшылар Марио Балотелли мен Уэйн Руни шешуші сәтте босаңдық танытып жүр. Бірақ топтан шыға алса, үш команданың қайсысы да алысқа жетуі мүмкін. Ал Коста Рика үшін ұпай үлестіруші атанбай, жақсы ойын өрнегін көрсетсе жаман нәтиже болмайды. Біздің болжам: Бұл топта да бәсекелестік жоғары деңгейде болады деп күтілуде. Алайда ірі турнирлерде өнер көрсету жағынан тәжірибелері мол Италия мен Англия діттеген мақсаттарына жетудің жолын біледі.
Е тобы. Франция, Швейцария, Эквадор. Гондурас. Үшжолақтылар үшін жеребе жолдас болды деушілер көп болды. Шынында да егер француздар алаңда бар күштерін сарпып ойнайтын болса, кемінде ширек финалға жетуге жол ашық. Бір өкініштісі, Францияның алаңдағы үздік ойыншысы Франк Рибери жарақатына байланысты Мундиальдан тыс қалды. Сондай-ақ оларға швейцариялықтар мен оңтүстікамерикалықтар бәсекелес атануы ғажап емес. Біздің болжам: Франция бірінші орынды иеленуі ықтимал, екінші орын үшін таласта швейцариялықтар Эквадордан айласын асыруы әбден мүмкін.
F тобы. Аргентина, Нигерия, Босния және Герцоговина, Иран. Лионель Месси клубтық деңгейде мүмкін болатын барлық кубоктарды ұтып алды. Енді Марадонамен бір қатарда аталу үшін жетіспей тұрған жалғыз трофей - Әлем кубогы. Бразилия алаңдарында Мессиге Анхель Ди Мария, Серхио Агуэро, Гонсало Игуаин секілді әлемдік футболдың жарық жұлдыздары көмектеспек. Алайда Аргентинаның осал тұсы да бар: қорғаныс шебінде аса тәжірибелі ойыншылардың аздығы шешімін табуға болатын мәселе десек, қақпашы позициясы жанкүйерлердің ерекше алаңдаушылығын тудырып отыр. Қалған командалар үшін топтық турнирден асу жетістікке баланады. Біздің болжам: Егер бұл топта Аргентина бірінші орын алмаса, үлкен «сенсация» орын алатыны сөзсіз. Екінші орын үшін таласты Нигерия мен турнирге алғаш қатысып отырған Босния жүргізетін секілді.
G тобы. Германия, Португалия, Гана, АҚШ. Кез келген жарыстың басты фавориттерінің бірі атанатын немістер соңғы жылдары биікті бағындыруға бір-екі қадам қалғанда сүрініп жүр. Йоахим Лев шәкірттері осы жолы Жюль Риме кубогын Берлинге жеткізуге тәуекел етіп отыр. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Германияда талай турнирді бағындырған тәжірибелі құрам да, білікті бапкер де бар. Сондықтан финалдық матчтан соң кубокты Филип Лам көтеріп жатса, таң қалмаңыз. Ал Португалия құрамасы үшін Криштиану Роналдудың жарақаты үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Егер пиренейліктердің бас жұлдызы топтық турнирде өнер көрсете алмаса, ганалықтар мен америкалықтардың плей-офф сынына шығу мүмкіндіктері арта түсетіні анық. Біздің болжам: Бірінші орынды Германия иеленеді, екінші орын Португалияға бұйыруы ықтимал.
Н тобы. Ресей, Бельгия, Оңтүстік Корея, Алжир. Көптеген мамандар бұл топты ең «әлсіз» деп санайды. Тибо Куртуа, Венсан Компани, Эден Азар, Ромелу Лукаку секілді жұлдыздардан құралған бельгиялықтардан жұрт жоғары нәтиже күтіп отыр. Солтүстік көршілеріміз де Фабио Капеллоның тәжірибесіне арқа сүйеп, кемінде топтан шығады деп үміттенуде. Он екі жыл бұрын өз жерінде айды аспанға шығара жаздаған кореялықтардың да, Мундиальға қатарынан екінші рет келіп отырған алжирліктердің де осал қарсылас еместігі әркімге аян. Біздің болжам: Бұл топта да қағаз жүзінде еуропалық командалар фаворит саналады. Бельгия мен Ресейдің алғашқы екі орынды иеленуге мүмкіндіктері жоғары. Бірақ Оңтүстік Кореяны да есептен шығаруға болмайды.