Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Футболдан ӘЧ: Колумбия мен Англия құрамалары негізгі уақытта тең ойнады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеудегі «Спартак» стадионында Колумбия мен Англия құрамалары күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан ӘЧ: Колумбия мен Англия құрамалары негізгі уақытта тең ойнады

Бұған дейін ширек финалға шыққан жеті команда белгілі болған еді. Уругвай - Франция, Бразилия - Бельгия, Россия - Хорватия жұптарына қоса енді Швецияның қарсыласы кім болатыны Колумбия мен Англия матчында шешілуі тиіс-ті.

Америкалық Марк Гейгер қазылық еткен кездесуде Колумбия бапкері Хосе Пекерман мына ойыншыларын алаңға шығаруды жөн деп тапты: Давид Оспина (қақпашы), Сантьяго Ариас, Хоан Мохика, Ерри Мина, Давинсон Санчес, Вильмар Барриос, Карлос Санчес, Хефферсон Лерма, Хуан Куадрадо, Хуан Кинтеро, Радамель Фалькао (капитан).

Англияны жаттықтыратын Гарет Саутгейттің құрамасы да осал емес-ті: Джордан Пикфорд (қақпашы), Кайл Уокер, Джон Стоунз, Гарри Магуайр, Киран Триппьер, Джесси Лингард, Джордан Хендерсон, Эшли Янг, Деле Алли, Рахим Стерлинг, Гарри Кейн (капитан).

Бірінші таймда ағылшындар ұшқырлық танытып, көбірек шабуылдады. 16-минутта осы чемпионатта бес голдың авторы атанып үлгерген Кейн баспен соққан доп қақпадан қиыс кетті. 38-минутта айып алаңына жақындаған Кейінді Лерма шалып жықты. Триппьер айып добын дәл орындай алмады. Тайм соңында Кинтеро тепкен доп Пикфордтың тура қолынан табылды.

Екінші таймда Англия құрамасы қарқынды еселеп, колумбиялықтар жиі тәртіп бұзуға мәжбүр болды. Ақыры 54-минутта бұрыштамадан доп берілген кезде Карлос Санчес Кейнді қолымен ұстап, жібермей, жерге жықты. Кейн 57-минутта 11 метрлік нүктеден мүлт кеткен жоқ - 1:0.

Матч барысында қос құрама, әсіресе, колумбиялықтар дөрекі ойнап, барлығы 7 сары қағаз көрсетілді. Соның бесеуі колумбиялықтар еншісінде.
Колумбия құрамасы таразы басын теңестіруге тырысқанымен, 82-минутта Куадрадоға дәлдік жетіспеді.

Қосымша 5 минут қосылды. Колумбиялықтар тайлы-таяғы қалмай, алға ұмтылды. 93-минутта бұрыштамадан доп бергеннен кейін Ерри Мина таразы басын теңестірді. Бұл оның осы біріншіліктегі үшінші голы еді.

Осылайша Колумбия мен Англия құрамалары негізгі уақытта 1:1 есебімен тең ойнады. Кездесу тағдыры енді қос экстратайм немесе пенальти сериясынан кейін шешіледі.