Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Футболдан ӘЧ: Мбаппедей жас жұлдызы бар Франция Аргентинаны тізе бүктірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазан қаласында Аргентина мен Франция құрамалары ширек финал жолдамасын сарапқа салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан ӘЧ: Мбаппедей жас жұлдызы бар Франция Аргентинаны тізе бүктірді

Бұған дейін аргентиналықтар әлем чемпионатын 1978 және 1986 жылдары екі мәрте ұтса, Францияның 1998 жылы өз елінде өткен біріншілікте үздік шыққаны белгілі.

Ирандық Алиреза Фагани төрешілік еткен матчта Францияның қазіргі бапкері, 1998 жылғы әлем чемпионы Дидье Дешам алаңға мына құрамды шығарды: Уго Льорис (қақпашы), Бенжамен Павар, Рафаэль Варан, Самюэль Умтити, Лукас Эрнандес, Поль Погба, Нголо Канте, Блез Матюиди, Антуан Гризманн, Килиан Мбаппе, Оливье Жиру.

nullАргентиналық жаттықтырушы Хорхе Сампаоли команда капитаны Месси бастаған ойыншыларына сенім артты: Франко Армани, Габриэль Меркадо, Николас Тальяфико, Николас Отаменди, Маркос Рохо, Хавьер Маскерано, Эвер Банега, Энцо Перес, Кристиан Павон, Анхель Ди Мария, Лионель Месси.

Францияның құрамы аргентиналықтарға қарағанда, біршама жас болғанымен, трансферлік құны ең қымбат команда. Дегенмен Д.Дешам 14 футболшысының бұрын әлем чемпионатында өнер көрсетпегенін, яғни тәжірибесі аздау екенін еске салған-ды. Аргентинада бағасы аса қымбат тұратын, әрине, Месси ғана.

nullАлма-кезек шабуылмен басталған ойында 8-минутта аргентиналықтар өз айып алаңына таман ойын тәртібін бұзды. Антуан Гризманн тепкен доп қақпа маңдайшасынан қайтты. 11-минутта қақпаға қарай оқтай ұшқан 19 жасар Килиан Мбаппені Маркос Рохо итеріп жіберді. 11 метрлік пенальти белгіленіп, Рохо ескерту алды Бұл жолы Гризманн мүлт кеткен жоқ - 1:0. Небәрі 13-минут өтіп жатқан-ды.

19-минутта Мбаппені өз айып алаңына таман шалып жыққан Николас Тальяфико да ескерту алып тынды. Поль Погбаның айып соққысы қақпадан жоғары кетті. 26-минутта Гризманның қауіпті пасын Франко Армани қақшып ала білді.

Аргентиналықтар да қарап қалмай, 41-минутта Анхель Ди Мария керемет соққы жасап, алыстан тоғыздықты дәл көздеді - 1:1. Орта тұста ашық қалған оны ешкім ұстап үлгермеді.

Екінші тайм басында Ди Марияға қарсы ойын тәртібі бұзылып, айып добы белгіленді. Айып алаңына берілген допты Месси соққаннан кейін Габриэль Меркадо аяғын қойып үлгерді. Сөйтіп 47-минутта аргентиналықтар алға шықты.

56-минутта аргентиналық қорғаушы мен қақпашының түсінбестігінен Гризманн гол соғып кете жаздады. Есесіне сәлден соң француздардың әдемі комбинациясынан кейін Лукас Эрнандестің пасын пайдаланған қорғаушы Бенжамен Павар тамаша соққымен 57-минутта таразы басын теңестірді - 2:2.

64-минутта айып алаңында екінші таймда тыңнан қосылған қорғаушы Федерико Фасионы алдап өткен Мбаппе допты торда тулатты - 3:2.
68-минутта Оливье Жирудан пас алған Мбаппе өзінің екінші голын соқты. Бұл оның осы біріншіліктегі үшінші голы еді.
Бұған дейін 1998 жылғы әлем чемпионатында ең жас ойыншы есебінде ағылшын шабуылшысы Майкл Оуэн екі гол соғып, рекорд жасаған еді. Мбаппе сол рекордты жаңартты.

Бір қызығы, Франция 1998 жылы әлем чемпионы атанса, Мбаппе дәл сол жылдың 20 желтоқсанында дүниеге келген екен. Арада жиырма жыл өткенде, Мбаппе Франция сапында үздік атанып, Аргентина қақпасына қос гол соғады деп кім ойлаған!

Сонымен қатар Д.Дешам Францияның бас бапкері ретінде 80-інші ойынын өткізіп, бұл жөнінен де өз елі бойынша озық нәтижеге қол жеткізді.
Матч аяғына дейін аргентиналықтар қалайда гол соғуға тырысып бақты. 85-минутта айып алаңына екпіндей енген Месси соққан доп Уго Льористің қолынан табылды.

Екінші таймда алаңға шыққан шабуылшы Серхио Агуэро 93-минутта есепті қысқарта алды - 4:3.

Осылайша аса тартысты ойында Аргентинаны 4:3 есебімен тізе бүктірген Франция құрамасы ширек финалда 6 шілде күні Нижний Новгородта Уругвай - Португалия жұбының жеңімпазымен кездеседі.