Футболдан ӘЧ: Мексикалықтар Швециядан жеңілсе де, келесі айналымға өтті
Екатеринбургтегі ойын басталысымен Швеция құрамасы шабуылға көшті. Алайда, ойынның небәрі 15-секундында мексикалықтар тәртіп бұзды. Төреші Нестор Питана шабуылдаушы жартылай қорғаушы Ула Тойвоненді шалып жыққаны үшін Хесус Гальярдоға ескерту қағазын берді. Осылайша, әлем чемпионаттары тарихындағы ең жылдам «сары қағаздың» авторы белгілі болды.
Кездесу екі жақтың жылдам шабуылдарымен жалғасты. Швеция сапынан Форсберг пен Берг, мексикалық Чичарито мен Велалар әлсін-әлсін соққылар жасады. Бірақ, олар тепкен доптың бірі де қақпаға дарыған жоқ. 30-минутта Мексика үздігі Чичарито өз айып алаңында қолмен ойнады. Төреші бейнеқайталауға жүгініп, тәртіп бұзылмағанын айтты.
Бұрыштама добынан соң баспен соққы жасаған Маркус Бергке оңтүстік америкалық қақпашы Гильермо Очоа қарсы тұрды. Тура келген допты қақпа бағанасынан асырып шығарып жіберді.
Ойынның 50-минутында қорғаушы Людвиг Аугустинсон Швецияны алға шығарды. Ол Ула Тойвоненнің аяғына тиіп, серпіліп келген допты керегіне жаратты. Іле-шала ұйымдастырылған жылдам шабуыл кезінде Людвиг Аугустинсон тағы бір мүмкіндік алды. Оның айналдыра тепкен добы қақпадан сәл ғана биік ұшты.
Арада 10 минут өткен соң шведтер тағы бір доп соқты. Мексикалық қорғаушы Э.Морено қарсылас шабуылшы М.Бергті шалып құлатты. Пенальти! Швеция капитаны Андреас Гранквист командасының екінші добын енгізді.
Негізгі уақыттың аяқталуына 15 минут қалғанда мексикалық қорғаушы Эдсон Альварес байқаусызда допты өз қақпасына теуіп кіргізіп алды. Ол ауттан келген допты қайтарамын деп қателікке бой алдырды.
Төреші қосқан 4 минутта мексикалықтар есеп айырмасын қысқартуға тырысқанымен, есеп өзгеріссіз қалды.
Осы топтағы екінші ойын Оңтүстік Корея-Германия арасындағы матч 2:0 есебімен кореялықтардың пайдасына шешілді. Сол себепті, F тобынан Мексика мен Швеция келесі айналымға шығып отыр.

Фото: ru.fifa.com