Футболдан ӘЧ-ның іріктеу матчы лаңкестік салдарынан кейінге қалдырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Пәкістан мен Йемен құрамалары арасындағы ӘЧ-ның іріктеу матчы лаңкестік салдарынан кейінге қалдырылды. Тиісті шешімді ФИФА қабылдады, деп хабарлайды шетелдік БАҚ.
Ойын Лахорда (Пәкістан) сейсенбі күні кешке өтуі тиіс болатын. ФИФА 14 адамның ажалына, кем дегенде 78 адамның зардап шегуіне себеп болған Лахордағы террорлық актіден кейін матчты кейінге қалдыру шешімін қабылдады.
CNN хабарлағандай, жанкешті терроршылар құлшылық рәсім уақытында христиан шіркеуі жанында жарылыс ұйымдастырды. Жауапкершілікті пәкістандық тәлібтер өз мойнына алды, олар бұл соңғы лаңкестік емес екенін де ескертті.
ФИФА іріктеу матчын қауіпсіздікті сақтау мақсатында кейінге ауыстырды. Кездесу күні кейінірек белгіленеді. Ойын бейтарап алаңда өтеді.
Йемен мен Пәкістан құрамалары Азиядағы іріктеу турнирінің бірінші раундына қатысады, соның нәтижесі бойынша топтық турнир қатысушылары айқындалады. Бірінші раундта жеңілген команда ойынды жалғастырмайды.