Футболдан ӘЧ: Португалия Иранмен тең ойнап, плей-офф кезеңіне шықты
Бұл қос команданың өз тобындағы соңғы ойыны еді. Плей-офф кезеңіне жолдама алу үшін Иранға тек жеңіс керек болатын. Еуропа чемпионы Португалияға тең ойын жеткілікті болғанымен, өз тобында жеңімпаз атану қай команда үшін де маңыздытұғын.
Бір қызығы, қос құраманы да португалиялық бапкер жаттықтырады (тіпті К.Кейруш кезінде Ф.Сантушты баптаған екен). Сондықтан мұны олардың өзара бәсекесі деуге де болады. Оның үстіне «Мордовия Арена» стадионында отырған жанкүйерлердің көпшілігі Иранға жақтасып, отқа май құя түсті.
Парагвайлық Энрике Касерес қазылық еткен матчта Иран құрамасының бас бапкері Карлуш Кейруш өз отандастарына қарсы мына құрамды шығарды: Алиреза Бейраванд (қақпашы), Эхсан Хаджсафи (капитан), Мортеза Пурлиганджи, Маджид Хосcейни, Рамин Резаэян, Вахид Амири, Саид Эззатоллахи, Омид Эбрахими, Сердар Азмун, Алиреза Джаханбахш, Мехди Тареми.
Португалиялық Фернанду Сантуш Роналду бастаған өз серкелеріне сүйенді: Руй Патрисиу, Пепе, Рафаэл Геррейру, Жозе Фонте, Седрик Суареш, Вильям Карвалью, Жоау Мариу, Адриен Силва, Рикарду Куарежма, Андре Силва, Криштиану Роналду.
Үшінші минутта-ақ Роналдудің қауіпті соққысын Бейраванд қақшып ала білді. 9-минутта ирандық қақпашы мен қорғаушының бір-бірін түсінбеуінен пайда болған мүмкіндікті Жоау Мариу мүлт жіберді.
Ирандықтар қарымта шабуылға шығуға тырысқанымен, португалиялықтардың қысымы күшейе түсті. Бірде доп Бейравандтың қолынан сусып кетсе, келесіде Роналду айып соққысын қақпаға бағыттады. 21-минутта ирандықтар да айып добын орындап үлгерді.
Қазанның «Рубин» командасында ойнайтын Сердар Азмунның пасынан кейін жекедара шыққан голландиялық «АЗ АЛКМААР» клубының сұрмергені Алиреза Джаханбахшқа мүмкіндік бермей, ұшқыр қимылдаған Патрисиу өз қақпасын аман алып қалды. 32-минутта дәл сол Джаханбахшты шалып жыққан Геррейру ескерту алып тынды. Бірақ айып добы нәтиже берген жоқ.
45-минутта оң қанатта командаласымен керемет түсінісіп, доп алмасқан Португалияның ең тісқаққан ойыншыларының бірі, Түркияның «Бешикташ» клубының намысын қорғайтын 34 жасар Рикарду Куарежма тамаша соққы жасап, тоғыздықты дәл көздеді - 1:0. Куарежма осының алдындағы Мароккомен ойынға қатыспаған болатын, сондықтан шешуші кездесуге тың келді.
Екінші таймда ирандықтардың айып алаңына кіріп бара жатқан Роналду құлап қалды. Парагвайлық төреші бейнеқайталаудан кейін 11 метрлік нүктеге нұсқады. Алайда Криштианудың соққысын Алиреза Бейраванд қайтарып, ерлік жасады. Сөйтіп ирандықтардың үміт отын сөндірмеді.
Көп ұзамай ескерту алған Куарежманың орнына Португалия құрамындағы үшінші Силва - Бернарду Силва шықты. Ирандықтар шабуыл шебін барынша күшейтіп, тыңнан ойыншыларын қосты. Португалияның қорғаныс шебінде, әсіресе, Пепе сауатты ойнай білді.
Матч аяқталуға 10 минуттан астам уақыт қалғанда, қарсыласын шынтағымен нұқып құлатқан Роналдуға төреші бейнеқайталауды тағы бір қарап, ескерту берді. Бұл жерде португалиялық жанкүйерлер Касерестің қызыл қағаз көрсетпегеніне шүкір деген шығар.
90-минутта Э.Касерес кезекті бейнеқайталаудан кейін бұл жолы Португалияның қақпасына пенальти белгіледі. Карим Ансарифард 11 метрлік айып добын тамаша орындады - 1:1. Бұдан кейін ирандықтар қаншама тырысқанымен, жеңісті жұлып ала алмады.
Топтағы екінші кездесу Испания мен Марокко арасында Калининград қаласында дәл осы уақытта өтті. Тартысты ойын 2:2 есебімен тең аяқталды.
Осылайша В тобында үздік шыққан Испания плей-офф бәсекесінде А тобында екінші орын алған Ресей құрамасымен кездесетін болды. Ал Португалия Уругваймен алаңға шығады.