Футболдан әлем чемпионаты: Германия мен Испания финалға жолдаманы сарапқа салады

Тұңғыш рет әлем чемпионы атағын жеңіп алуға тамаша мүмкіндік туып отырған Испания 1/8 финалда Португалияны (1:0), ширек финалда Парагвайды (1:0) есебімен ұтқан болатын. Жалпы 2008 жылғы Еуропаның мықты командасы атанған Испания құрамасы 1950 жылдан бері әлем чемпионатының финалдық тобына бірінші рет шығып отыр. Интернет басылымдардың Испанияның Marca спорттық газетіне сілтеме жасап хабарлауынша, аталған елдің патшайымы құраманың бүгінгі ойынына қатысып, матч алдында және одан кейін де футболшылармен кездеспек.
Ал, ағылшындарды 4:1, аргентиналықтарды 4:0 есебімен ұтып, жартылай финалға шыққан Германия болса бұған дейін әлем біріншілігінде үш мәрте (1954, 1974, 1990) топ жарған еді. Сонымен қатар Германия құрамасы әлем чемпионатының финалында төрт мәрте (1966, 1982, 1986, 2002) ойнап, екі рет қола (1934, 2006) жүлдегер атанған болатын.
Оңтүстік Американың, қарт құрлық - Еуропаның айтулы құрамаларын жарыс жолынан ығыстырған екі команданының ойынын бүгін сағат 00:30-да «Хабар» телеарнасынан тамашалауға мүмкіндік бар. Бұл кездесуге венгерлік рефери Виктор Кашшаи төрелік етеді.