Футболдан Әлем чемпионатына арнайы ойнатылған викторинаның жеңімпаздары марапатталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында футболдан Әлем чемпионатына арнайы ойнатылған викторинаның жеңімпаздары марапатталды.

Футболдан Әлем чемпионатына арнайы ойнатылған викторинаның жеңімпаздары марапатталды

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы 12 маусым күні бастау алған футболдан Әлем чемпионатына қатысты интеллектуалдық сайыс жариялаған болатын.

28 сәуір мен 4 маусым аралығында «Таңшолпан» бағдарламасы футбол тарихынан күн сайын ақпарат беріп, көрермендерге викторина ұйымдастырып отырды. Осы уақыт ішінде Ұлттық телеарнаның бастамасына қолдау білдіріп, белсенділік танытқан жеңімпаздар «Таңшолпан» студиясында тікелей эфирде марапатталды.

I орын Ұлттық арнаның тұрақты көрермені, ең көп (29) ұпай жинаған алматылық Думан Мизамбекке бұйырды. Қазақ Ұлттық университетінің студентіне Түркияға бизнес-класпен ұшып баруға және қайтуға құқық беретін билет берілді.

Ал Атырау облысына қарасты Жылыой ауданында тұратын, биыл 9 сыныпты аяқтаған Аманжан Әділжанов 26 ұпай жинап, II орынды еншіледі. Сондай-ақ, оған теледидар табыс етілді. 25 ұпайды қанжығасына байлаған ІІІ орын иегері Алматы облысының Іле ауданындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы орта мектептің физика және информатика пәнінің мұғалімі Еркебұлан Толқыновқа сыйлыққа I-pad табыс етілді.

«Қазақстан» телеарнасы өзінің тұрақты көрермендерін Бразилияда өтіп жатқан футболдан Әлем чемпионатының үздіктерін бірге анықтауға шақырады. «Қай елдің құрама командасы чемпион атанады?», «Ең көп голды қай футболшы соғуы мүмкін?», «Үздік қақпашы атағы кімге бұйырады?» деген 3 сауалға алғашқы болып дұрыс жауап берген үш көрермен телеарнаның әзірлеген арнайы сый-сияпаттарына ие болады. Ол үшін күн сайын таңертеңгі тікелей эфиге шығатын «Таңшолпанға» қоңырау шалуға немесе бағдарламаның www.tankaz.kz сайтына кіріп жауап қалдыруға болады.