Футболдан әлем чемпионатының билеттерін алып-сатумен шұғылданған бизнесмен ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Рио-де-Жанейро полициясы дүйсенбі, 7 шілде күні Match Services компаниясының атқарушы директоры Рэймонд Уэланды футболдан әлем чемпионаты матчтарының билеттерін алып-сатумен шұғылданғаны үшін қамауға алды.
Бұл туралы Associated Press хабарлады.
Уэлан қонақүйде өз нөмірінде ұсталды. Полиция бизнесменнен матчтың 82 билетін, сонымен бірге құжаттарды, ноутбук пен оның ұялы телефонын тәркіледі.
Match Services компаниясы Цюрихте орналасқан және ол ФИФА-ның 2010 және 2014 жылдардағы футболдан әлем чемпионаттарының билеттерін тарату бойынша ресми серіктесі болып табылады, деп атап өтті ИТАР-ТАСС. Компания акционерлерінің бірі ФИФА президенті Зепп Блаттердің туысы. Уэланның өзі футбол федерациясымен тығыз байланыста жұмыс істейді.