Футболдан Бірінші лиганың жеңімпазы Премьер-лигадағы жаңа маусымда алғашқы алтылықтың қатарынан орын алуды жоспарлауда
2004 жылы негізі қаланған Алматы облысы Қарасай ауданының бұл командасы 2009 жылға дейін «Қарасай сарбаздары» деп аталған болатын. 2010 жылы атауын «Сұңқар» деп өзгерткен олар 2007-2011 жылдары Бірінші лигада өнер көрсетіп келген болатын. 2009 жылы 4-орын алған олар, 2010 жылы қола жүлдегер атанды. Ал өткен маусымда Премьер-лигаға шығуды алдарына басты мақсат етіп қойған олар бұл міндетті де орындап шықты. 10 желтоқсанда Алматыда алғашқы оқу-жаттығу бастаған қаскелеңдік аяқдопшыларды Премьер-Лигадағы жаңа маусымға Дмитрий Огай әзірлеуде. Енді команданың Түркияда болатын шет елдегі алғашқы оқу-жаттығу жиынында бас бапкерге Асхат Қадырқұлов, Алмаз Құлшынбаев пен Константин Горовенко көмектеспек.
Жалпы Қазақстан футбол федерациясы атқару комитетінің 24 желтоқсандағы шешімімен биыл Премьер-лигадағы командалар саны 12-ден 14-ке дейін ұлғайған болатын. Олар - «Шахтер» (Қарағанды). «Жетісу» (Талдықорған), «Ақтөбе» (Ақтөбе), «Астана» (Астана), «Ертіс» (Павлодар), «Ордабасы» (Шымкент), «Тобыл» (Қостанай), «Қайсар» (Қызылорда), «Тараз» (Тараз), «Атырау» (Атырау), «Сұңқар» (Қаскелең), «Оқжетпес» (Көкшетау), «Қайрат» (Алматы) және «Ақжайық (Орал).
Ал чемпионат жалауы 11 наурызда көтерілмек.