Футболдан биылғы әлем чемпионатының әнұранын Питбуль мен Дженифер Лопес орындайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атақты американдық поп әншілер Питбуль және Дженифер Лопес бразилиялық эстрада жұлдызы Клаудия Лейтамен бірігіп Бразилияның Сан-Паулу қаласындағы "Арена Коринтианс" стадионында өтетін 2014 жылғы футболдан әлем чемпионатының ашылу салтанатында ән айтады, деп хабарлады art.gazeta.kz.
Бүгінде "We Are One" (Біз біргеміз) деп аталатын әннің бейнебаяны түсірілуде. Алайда әлеуметтік желілерде әнұранның бейресми нұсқасы шығып үлгеріпті.
ОАР-да өткен 2010 жылғы чемпионаттың әнұраны Шакираның "Waka, Waka" әні болған.
Франциядағы 1998 жылғы футболдан әлем чемпионатында Рики Мартин орындаған «The Cup of Life / La Copa de la Vida» (Өмір кубогы) әні халық арасында кеңінен танылды.
Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылғы футболдан әлем чемпионатының ақтық сыны 12-13 маусымда Бразилияда өтеді. Турнирге 32 команда қатысады. Чемпионаттың сыйақы қоры 576 млн. долларды құрайды.