Футболдан Бразилияда өтетін әлем біріншілігін телетрансляциялау сақтандырылатын болады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл футболдан Бразилияда өтетін әлем біріншілігін телетрансляциялау шарасы сақтандырылатын болады. Бұл туралы бүгін «Еуразия» Сақтандыру компаниясы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл жерде Sony корпорациясы Бразилияда өтетін әлем біріншілігі өтпей қалған жағдайда көретін өзінің шығындарын 1 млрд. үнді рупийіне бағалады. Ал бұл долларға шаққанда 17 миллионнан астам АҚШ долларын құрайды.
Өйткені, Sony корпорациясы бұл біріншілікті Оңтүстік Азия, соның ішінде Үндістан, Бангладеш, Бутан, Непал, Пәкістан, Мальдив аралдары және Шри-Ланка жерінде телетрансляциялау құқығына ие болды, делінген хабарламада.
Сондықтан, аталмыш футбол мерекесінің ресми телехабар таратушысы ретінде Sony әлем біріншілігі өтпей қалған жағдайда немесе тікелей эфир барысында (бөлек матч немесе бүкіл турнир) техникалық ақау орын алған жағдайда, ойын барысында көрсетілетін жарнамалардан алатын кірісін сақтандыруды көздеп отыр.
Бұл жерде сақтандыру келісімі бойынша азаматтық толқулар, бүліктер, көтерілістер, қасақана залал келтіру әрекеттері, саяси сарындағы тәртіпсіздіктер, лаңкестік әрекеттер (шын немесе мүмкін болар қауіп-қатерлер) және тікелей эфир барысында кез келген себеп бойынша орын алатын мәселелер сақтандыру жағдайы болып саналады.
«Еуразия» Сақтандыру компаниясы» АҚ қазір осы әлемдегі ең ірі хабар таратушы арналардың бірі - Sony корпорациясын қайта сақтандыру шарасына қатысу мүмкіндігін қарастыруда.
Sony Entertainment телеарнасы жарнамалық роликтерді өзінің: Sony Entertainment Television, SET Max, SAB TV, SET PIX, Sony MIX, Sony SIX, AXN, Animax және басқа да HD желілік арналарында көрсететіні белгілі.
Естеріңізге сала кетейік, биыл футболдан әлем біріншілігі 12 маусым мен 13 шілде аралығында Бразилия мемлекетінде өтеді. Онда барлығы 64 матч ойналады.