Футболдан бірінші лигада «Ертіс» пен «Каспий» көш бастады
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 2-турының алғашқы ойын күні аяқталды.

Биыл Премьер-лигаға шығуды көздеп отырған павлодарлық «Ертіс» қатарынан екі ойында жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті. Бұл жолы олар сырт алаңда «Ақтөбе-2» клубынан 1:0 есебімен басым түсті.
Тағы бір ойында ақтаулық «Каспий» Түркістан облысының «Жетісай» командасымен жасыл алаңға шықты.
Аталған кездесуде де ойын тағдырын жалғыз гол шешті.
«Ертіс» пен «Каспий» екі турдан кейін алты ұпай жинап, турнир кестесінде алғашқы екі орынды өзара бөлісіп тұр.
Сондай-ақ алматылық «Қайрат-2» клубы алматылық «Хан тәңірін» 2:1 есебімен жеңіп, биылғы маусымдағы алғашқы жеңісін тойлады.
Енді 18 сәуірде «Алтай» (Өскемен) мен «Екібастұз» (Павлодар облысы), «Шахтер» (Қарағанды) мен «SD Family», «Оңтүстік академиясы» (Шымкент) мен «Тараз», AKAS (Алматы) пен «Түркістан» командалары шеберлік байқасады.
Осыған дейін футболдан Қазақстан кубогы биыл Қызылордада өтетіні туралы жаздық.