Футболдан бірінші лигада «Ертіс» командасы көш бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 1-туры мәресіне жетті. 

Футболдан бірінші лигада «Ертіс» командасы көш бастады
Фото: kffleague.kz

Алғашқы турдың екінші ойын күні, 10 сәуірде өскемендік «Алтай» сырт алаңда Шымкенттің «Оңтүстік академия» клубымен кездесті. Бұл матчта өскемендік клуб қарсылас команданы 2:0 есебімен жеңіп, біріншілікті сәтті бастады.

Былтыр бірінші лигада жанкүйер тарапынан жоғары бағаланған Түркістан облысының «Жетісай» клубы биыл бірінші ойынында жинақы қимыл көрсетті. Олар сырт алаңда «Тараз» командасын 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Тағы бір кездесуде Астананың «SD Family» алматылық «Қайрат-2» командасынан 3:0 есебімен жеңсе, алматылық «Хан тәңірі» «Ақтөбе-2» клубынан 2:0 есебімен басым түсті.

Аталған турдың алғашқы ойын күні, 9 сәуірде «Түркістан» өз алаңында қарағандылық «Шахтерге» 1:2 есебімен есе жіберсе, павлодарлық «Ертіс» «Екібастұзды» 4:0, ақтаулық «Каспий» Алматының AKAS клубын 3:1 есебімен жеңді.

Бірінші турдан кейін «Ертіс», «SD Family», «Каспий», «Алтай», «Хан тәңірі», «Шахтер», «Жетісай» үш ұпаймен алғашқы орындарда келеді.

Енді екінші тур ойындары 17 және 18 сәуір күндеріне белгіленген.

Соңғы жаңалықтар