Футболдан ел біріншілігінде «Тобыл» мен «Астана» тең түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігі сегізінші турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан ел біріншілігінде «Тобыл» мен «Астана» тең түсті

Аталған турдағы басты кездесу қостанайлық «Тобыл» мен елордалық «Астана» командалары арасында өтті.

Жеті турдан кейін 12 ұпаймен «Астана» көш басында келе жатқан болатын. Ал «Тобыл» 11 ұпаймен әзірге бесінші орында тұрған еді.

Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Олардың тарапынан гол соғатын бірнеше мүмкіндік болған еді.

Қостанайлық команда бұдан бұрынғы үш турда кеткен қателігінің орнын толтыруға күш салды. Олар үш ойында небәрі бір ұпайға қол жеткізіп, турнир кестесіндегі жағдайын біршама қиындатып алды.

Ойынның бірінші кезеңінде 33-минутта «Тобыл» ойыншысы Жарко Томашевич мергендік танытты. Осылайша өзі былтыр жейдесін киген команданы қапы қалдырды.

Екінші кезеңде «Астана» таразы басын теңестіруге ұмтылды. Нәтижесінде 54-минутта Педро Эуженио көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Кездесуде командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Сондай-ақ, бүгін Шымкенттің «Ордабасы» командасы өз алаңында Алматының «Қайратын» 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Енді жетінші турдағы қалған бес ойын 27 сәуір күні өткізіледі.