Футболдан ел чемпионатында «Ақтөбе» «Ақжайықты» ұтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпиоанатының тоғызыншы турында «Ақтөбе» өз алаңында «Ақжайықты» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеліктер 11 ұпаймен 8-орында тұрса, оралдықтар 10-сатыда еді.

Қос команда да өткен турдың ойындарын сәтсіз өткізді. Ақтөбеліктер сырт алаңда «Таразға» 0:3 есебімен ұтылса, «Ақжайық» Оралда «Ақсуға» есе жіберді – 0:1. Сондықтан екі клубқа да жеңіс ауадай қажет еді.

Оралдықтарды баптайтын украиналық Владимир Мазяр өткен матчпен салыстырғанда, бір ғана өзгеріс жасап, Иван Антиповтың орнына Эльдар Әбдірахмановты шығарды. Ал «Ақтөбе» сапында айтарлықтай өзгерістер болды.

Бірінші таймда 10-минутта оралдық Бауыржан Омаровтан пас алған Оралхан Өміртаев есеп ашты.

Матчтың екінші кезеңінде бұрыштамадан берілген доптан кейін қақпа алдындағы қарбалас сәтті пайдаланған «Ақтөбе» сапындағы ганалық легионер Адукор Йоахим 49-минутта таразы басын теңестірді – 1:1. 73-минутта ресейлік Сердер Сердеров есепті 2:1-ге жеткізді.

Осылайша, ақтөбеліктер турнир кестесінде көш бастаушыларға жақындаса, қатарынан екі рет ұтылған «Ақжайық» жағдайын біршама қиындатып алды.

Оныншы турда 8 мамыр күні «Ақжайық» «Мақтааралды» қабылдаса, ақтөбеліктер Ақтауда «Каспиймен» шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан ел чемпионатында «Астана» «Тұранмен» тең ойнағанын, «Атыраудың» «Ордабасыны» ұтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ «Ақтөбе футбол клубына жаңа бас бапкер таныстырылды.


Соңғы жаңалықтар