Футболдан ел чемпионатында «Ақжайық» қатарынан үшінші рет жеңді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының жетінші турында «Шахтер» Қарағандыда Оралдың «Ақжайығын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан ел чемпионатында «Ақжайық» қатарынан үшінші рет жеңді

Осыған дейін қарсыластар өзара 26 кездесу өткізіп, соның 18-інде «Шахтер», бесеуінде «Ақжайық» басым түскен еді. 3 матч тең аяқталған.

Өткен жылы «Ақжайық» сырт алаңда 2:1 есебімен ұтса, Оралда командалар тең тарқасқан (1:1) болатын.

Мұның алдында биылғы чемпионатта қатарынан екі рет жеңіске жеткен «Ақжайық» өз құрамын өзгерте қойған жоқ. Өткен турда Таразда ұтылып қалған «Шахтерге» 3 ұпай ауадай қажет еді.

Бірінші таймда командалар алма-кезек шабуылдап баққанымен, есеп ашылған жоқ.

Ойынның екінші кезеңінде қарымта шабуылдан кейін 74-минутта қақпашы Игорь Шацкиймен бетпе-бет шыққан «Ақжайық» сапындағы грузиялық легионер Лука Имнадзе есеп ашты – 1:0. Бұдан кейін алаң иелері қанша тырысқанымен, таразы басын теңестіре алмады.

Осылайша, қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізген украиналық маман Владимир Мазярдың шәкірттері 10 ұпай жинап, турнир кестесінде 7-орынға көтерілді.

«Ақжайықтың» қақпашысы, ресейлік Степан Сикач төртінші матч қатарынан өз қақпасына гол өткізген жоқ.

Келесі турда - 27 сәуірде қарағандылықтар Ақтауда «Каспиймен» шеберлік байқасса, оралдықтар өз алаңында «Ақсуды» қабылдайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан ел чемпионы «Тобылдың» «Атыраудан» жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ, Қазақстан біріншілігінде «Астана» «Каспийді» ірі есеппен жеңді.



Суреттерді түсірген Айбатыр Нұраш