Футболдан ел құрамасының Ұлттар лигасындағы ойын кестесі жарияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының УЕФА Ұлттар лигасындағы ойындар кестесі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан футбол федерациясы мәлім еткендей, қазақстандықтар «С» дивизионында Словакия, Әзербайжан және Беларусь командаларымен сынға түседі.

Бірінші матч 3 маусым күні «Астана Аренада» өтеді. Ресейлік маман Магомед Адиевтің шәкірттері Әзербайжан құрамасын қабылдайды.

Ойын елорда уақытымен 20.00-де басталады.

Үш күннен кейін ұлттық құрама сырт алаңда Словакиямен ойнайды. Матч Трнава қаласындағы «Антон Малатинский» стадионында өтеді.

Кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 6 маусымнан 7 маусымға қараған түні сағат 00.45-те басталады.

10 маусым күні қазақстандықтар үшінші матчын Беларусь құрамасымен өткізеді.

УЕФА атқару комитетінің шешімімен ойын бейтарап аумақта Сербияның Нови-Сад қаласындағы «Караджорже» стадионында өтеді.

Өкінішке қарай, стадионнан ойынды тамашалауға жанкүйерлерге тыйым салынған. Матч елорда уақытымен 10 маусымнан 11 маусымға қараған түні сағат 00.45-те басталады.

13 маусымда қазақстандықтар Словакияны қабылдайды. Кездесу елорда уақытымен 20.00-де «Астана Аренада» басталады.

Ұлттар лигасы топтық кезеңінің қорытынды ойындары күзде болмақ. 22 қыркүйекте Қазақстан құрамасы Беларусь футболшыларын қабылдайды.

Ал үш күннен кейін сырт алаңда Әзірбайжан құрамасымен ойнайды.

Қазақстан құрамасының бүкіл матчтарын Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан ел чемпионы «Тобылдың» бас бапкері қызметінен кеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар