Футболдан Еуропа чемпионаты: Франция құрамасы Аустриядан басым түсті

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының төртінші ойын күнін D тобындағы Аустрия мен Франция құрамалары түйіндеді.

Футболдан Еуропа чемпионаты: Франция құрамасы Австриядан басым түсті
Фото: championat.com

Жанкүйерлер қауымы бұл ойынды асыға күтті деуге негіз бар. Франция сапында Килиан Мбаппе, Усман Дембеле, Антуан Гризманн, Н'Голо Канте секілді жұлдыздар бар. Әрбірі ойын тағдырын шешіп кете алады.

Сондықтан оларға Аустриямен кездесуде жеңіске жету қиынға соға қоймайды деген болжам айтылған еді.

Аустриялық футболшылар азулы қарсыласының ығына жығыла қойған жоқ. Қорғаныста сауатты ойын көрсетіп, франциялық ойыншылардың шабуылына тойтарыс берді.

Бұл Дидье Дешамның шәкірттеріне ұнаған жоқ. Басымдықты одан сайын арттыра түсті. Нәтижесінде 38-минутта Килиан Мбаппе австриялық бірнеше футболшыны алдап өтіп, қақпа маңында тұрған әріптесіне әуелете доп тастаған еді. Оны сыртқа шығарып жіберуге әрекеттенген австриялық Максимилиан Вёбердің баспен ұрған добы өз қақпасында тулап жатты.

Екінші кезеңде қос құрама шабуылға шықты. Десе де есеп өзгерген жоқ.

Осылайша Франция қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.

Айта кетсек, бұдан бұрын Е тобында Румыния Украинаны 3:0, Словакия Бельгияны 1:0 есебімен тізе бүктірді.

Енді бірінші тур ойындарын 18 маусымда F тобында Түркия мен Грузия, Португалия мен Чехия құрамалары аяқтайды. 

Соңғы жаңалықтар