Еуро-2024: Бельгия құрамасы алғаш рет Словакиядан жеңілді

футбол
Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының төртінші ойын күнінде E тобында Бельгия құрамасы Словакиядан жеңіліп қалды. 

Әлем футболында Бельгия құрамасы жоғары бағаланады. Құрамында көптеген танымал ойыншылар бар. Олардың барлығы дерлік беделді клубтар намысын қорғайды.

Сондықтан жанкүйерлер Бельгия алғашқы турда Словакияны еш қиындықсыз жеңеді деп жорамал жасаған еді. Алайда кездесу барысында словакиялық футболшылар сауатты ойын көрсете білді.

Кездесу басталғанда бельгиялық құрама қарсыласын тықсырып бақты. Шабуылшы Ромелу Лукаку гол соғатын мүмкіндікті мүлт жіберіп алды.

Есесіне олар 7-минутта өз қақпасына гол жіберіп алды. Словакиялық Иван Шранц 7-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Ойламаған жерден гол жіберіп алған Бельгия құрамасы алға қарай ұмтылды. Оған қарсыласы лайықты қарсылық көрсетті.

Екінші кезеңде олар тізгінді өз қолында ұстауға тырысты. Дегенмен словакиялық қорғаушылар оған тойтарыс беріп жатты.

Ойын барысында Бельгия құрамасы екі мәрте гол соққан еді. Төрешілер олардың ережеге сай соғылмауына байланысты есепке алған жоқ.

Кездесуде Бельгия Словакияға 0:1 есебімен жол беріп, аталған қарсыласынан алғаш рет жеңілді.

Екі құрама бұған дейін 3 мәрте шеберлік байқасты. Олардың 2-еуінде тең нәтиже тіркелсе, 1-еуінде Бельгияның мерейі үстем болды. Словакия әзірге аталған қарсыласын жеңе алмай келе жатқан еді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Е тобында Румыния Украинаны 3:0 есебімен тізе бүктірді.

Сондай-ақ, енді сағат 23:55-те D тобындағы Австрия мен Франция кездесуі өтеді.

Соңғы жаңалықтар