Футболдан Қазақстан чемпионаты: «Тұран» мен Жетісу cырт алаңда жеңіске жетті

футбол
Фото: Sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Үшінші турдың алғашқы ойыны «Шахтер» мен «Тұран» командалары арасында өтті. Кездесу түркістандық клубтың жеңісімен аяқталды. 

Қос гол да ойынның бірінші бөлігінде соғылды. Матчтың 7 минутында Леонардо Вака мергендігімен көзге түссе, 39 минутта  Бранислав Слука есепті еселей түсті. Екінші таймда гол соғылмады. Қазақстандық бапкер Ринат Алюетов баптайтын түркістандық команда осы жеңісінен кейін 5-орынға көтерілді. Ал, қатарынан үш ойында жеңіліске ұшыраған қарағандылық команда турнирлік кестеде соңғы орынға жайғасты. 

футбол
Фото: Sports.kz

Үшінші турдың екінші кездесуі Атырау қаласында өтті. Мұнайшы стадионындағы ойында алаң иелері «Жетісу» командасына есе жіберді. 

Кездесудегі жалғыз голды 73 минутта Серікжан Мужиков соқты. Оның бұрыштамадан көтерген добы қақпадан табылды. «Атырау» футбол клубының сапынан 77 минутта Игорь Стасевич 11 метрлік айып добын сәтті орындай алмады. Осылайша талдықорғандық ұжым сырт алаңда маңызды үш ұпайға қол жеткізді. 

Бұл жеңісінен кейін Қайрат Нұрдәулетов баптайтын команда турнирлік кестеде 9-орынға көтерілсе, Атырау командасы 10-орынға төмен сырғыды. 

Ертең «Қызылжар» (Петропавл) мен «Тобыл» (Қостанай), «Ақтөбе» мен «Жеңіс» (Астана), «Астана» мен «Елімай» (Семей), «Ордабасы» (Шымкент) мен «Қайрат» (Алматы) командалары арасында үшінші турдың қалған ойындары өтеді. 

Айта кетейік, бұған дейін футболдан Қазақстан Премьер-лигасы қайта жалғасатынын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар