Футболдан Қазақстан чемпионатында Ақтөбе Астанадан бес ұпайға ұзап кетті

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының 20-турында «Ақтөбе» өз алаңында «Тараз» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен турда «Мақтааралмен» тең түскен ақтөбеліктер бұрынғыша көш басында келе жатқанымен, екінші орындағы «Астана» командасын жақындатып алған-ды.

Бүгін елордалықтар өз алаңында Қазақстан чемпионы «Тобылдан» ұтылғаннан кейін «Ақтөбеге» ұпай айырмашылығын қайта ұлғайтуға мүмкіндік туды.

Өткен турда Таразда «Ақсуға» есе жіберген тараздықтарға да ұпай ауадай қажет еді. Сондықтан матч барынша тартысты өрбіді.

Ойын алаң иелерінің басымдылығымен өткенімен, көпке дейін есеп ашылмады. Тек 72-минутта ғана ресейлік легионер Сердер Сердеров қақпа маңындағы қарбалас сәтті пайдалана білді.

Осылайша, 1:0 есебімен жеңіске жеткен «Ақтөбе» ұпай санын 42-ге жеткізді. Сөйтіп астаналықтардан 5 ұпайға ұзап кетті.

Жиырмасыншы турдың қалған кездесулері ертең жалғасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан ел чемпионатында «Ақжайықтың» «Шахтерге» есе жібергенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ «Астана» өз алаңында «Тобылдан» жеңілді .

Соңғы жаңалықтар