Футболдан Қазақстан чемпионатында «Ақжайық» «Астанадан» басым түсті

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының алтыншы турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Астананы» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Астаналықтар 9 ұпаймен турнир кестесінде бесінші орында тұрса, оралдықтар (4 ұпай) 11-сатыда еді.

Бұған дейін қарсыластар өзара 16 кездесу өткізіп, соның 13-інде елордалықтар жеңіске жеткен еді. Батысқазақстандықтар еншісінде бір ғана ұтыс болса, екі ойын тең аяқталған еді.

Өткен турда «Атырауды» қапы қалдырған «Ақжайық» сол құраммен алаңға шықты. «Астана» сапында аздаған өзгеріс болды.

Бірінші таймда қонақтар көбірек шабуылдағанымен, 27-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін «Ақжайық» құрамындағы украиналық Максим Каленчук есеп ашты – 1:0.

Екінші таймда қос командада гол соғатын мүмкіндіктер болғанымен, есеп өзгерген жоқ.

Осылайша «Ақжайық» қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізіп, турнир кестесінде 7 ұпаймен тоғызыншы орынға көтерілді. Ресейлік қақпашы Степан Сикач үш матч қатарынан өз қақпасының кілтін берік ұстады.

Жетінші турда 20 сәуірде астаналықтар Ақтаудың «Каспийін» қабылдаса, «Ақжайық» 21-інде сырт алаңда «Шахтермен» шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» сырт алаңда «Атырауды» ұтқанын жазған болатынбыз.

Суреттерді түсірген Айбатыр Нұраш

Соңғы жаңалықтар