Футболдан Қазақстан чемпионатында «Мақтаарал» «Ақжайықты» жеңді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан чемпионатының 22-туры Түркістанда «Мақтаарал» - «Ақжайық» матчымен мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осыған дейін оралдықтар 22, «Мақтаарал» 18 ұпаймен соңғы, 13-14-орындарда тұрған-ды. Яғни қос команда қалған ойындарын нәтижелі өткізбесе, премьер-лигамен қоштасады деген сөз.
Бұл кездесуде 6-минутта алаң иелерінен шабуылшы Рамазан Кәрімов есеп ашты.
Бұдан кейін командалар қанша тырысқанымен, өзгеріс болған жоқ.
Осылайша, «Мақтаарал» 21 ұпай жинап, оралдықтарға жақындай түсті. Сондай-ақ қауіпті аймақтан «Қызылжар», «Тұран», «Тараз» клубтары да алыстай қойған жоқ.
Келесі тур ойындары 14-15 қазанда өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан Қазақстан чемпионатында «Ақжайық» пен «Тұранның» тең ойнағанын жазған болатынбыз.