Футболдан Қазақстан кубогының жартылай финалы қашан өтеді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан кубогы жартылай финалының қашан өтетіні белгілі болды.
Бұл кезеңде командалар екі ойыннан тұратын тартысты бәсекеде финалға жолдаманы сарапқа салады. Алғашқы кездесу 11 маусымға белгіленсе, қарымта матч 24 маусымда өткізіледі.
Жартылай финалда «Қайсар» (Қызылорда) - «Жеңіс» (Астана), «Ордабасы» (Шымкент) - «Алтай» (Өскемен) командалары кездеседі.
Қазақстан кубогы 1992 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Қазірге дейін барлығы 15 команда кубокты жеңіп алды. Оның ішінде «Қайрат» (Алматы) - 10, «Жеңіс» (Астана), «Астана», «Тобыл» (Қостанай) - 3, «Ақтөбе», «Қайсар» (Қызылорда), «Ордабасы» (Шымкент) -2, «Атырау», «Ертіс» (Павлодар), «Тараз», «Шахтер» (Қарағанды), «Восток» (Өскемен), «Алматы», «Достық» (Алматы), «Спартак» (Семей) 1 мәртеден жеңімпаз атанды.
Өткен жылы Қызылордада «Қайсар-аренада» қостанайлық «Тобыл» Қазақстан кубогының иегері атанды. Олар финалда шымкенттік «Ордабасыны» 2:0 есебімен тізе бүктірді.