Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кете ме

Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кете ме
Фото: kff.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкеріне қатысты пікір айтты.

«Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері ауыспайды. Оның жұмыс істейтініне сенімдіміз. Оған қатысты (Магомед Адиевпен) келісімшарт 2025 жылы бітеді», - деді Е.Маржықпаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Магомед Адиевті орнынан алу туралы ұсыныс айтылды. Депутаттар алдында елдегі спорт пен туризмнің даму барысы туралы есеп берген Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевқа футболдың төңірегінде сұрақ көп қойылды. 

«Футбол жанкүйері ретінде өтінішім бар. Ұлттық құрамадағы бас бапкерімізге көз тиген бе, бірдеңе. «Ахмат» ойнаса да жеті гол кіргізеді, бізде ойнаса да бес гол кіргізеді. Осы кісінің біліктілігі жайлы мәселе көтеріп, ауыстыру керек сияқты», - деді Мәжіліс депутаты Ринат Заитов.

Еске сала кетейік, жақында Магомед Адиев Ресейдің «Ахмат» командасының бас бапкері қызметіне тағайындалды. 

Магомед Адиев 2022 жылдан бері Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметін атқарып келеді. Содан бері 22 ойынның 11-де жеңіске жетіп, 1-де тең ойнаса, қалғанында қарсыластарға есе жіберді.

Соңғы жаңалықтар