Футболдан Қазақстан «құрамасы» Германия мен Түркияны ойсырата жеңді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеуде өтіп жатқан «Art-Football 2018» атты әртістер арасындағы футболдан әлем чемпионатында Қазақстан футбол құрамасы германиялық әріптестерін 6-1 есебімен ойсырата жеңді. Ал бүгін түрік ағайындарды 2-1 есебімен ұтқан біздің жұлдыздар елге абыроймен қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Футболдан Қазақстан «құрамасы» Германия мен Түркияны ойсырата жеңді

«Art-Football» әуенді футбол фестивалі әлемдегі айтулы қайырымдылық іс-шаралардың бірі. Аталған турнир Ресей Федерациясы Спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Игілік туы астындағы» қайырымдылық акциясы аясында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиналған қаражат науқас сәбилердің еміне жұмсалады.

"Жұлдыздар бұл турнирде спорт алаңында кездесіп қана қоймай, музыкалық шеберліктерін көрсетеді, тәжірибе алмасады. Әлем чемпионатына қатысуға қолдау көрсеткен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлына зор алғыс білдіре отырып, бүгінгі жеңісімізді елордамыздың 20-жылдық мерейтойына арнаймыз",- деді қазақстандық продюсер Алмас Алтынбеков.

Биылғы фестивальға Қазақстан, Ресей, Аргентина, Перу, Италия, Сербия, Ұлыбритания, Беларусь, Словения, Словакия, Корея, Түркия, Румыния, Германия, Парагвай, Жапония мемлекеттерінен келген 16 футбол командасы қатысуда. Қазақстан футбол құрама сапында ойнаған әншілер: команда капитаны Мұқасан Шахзадаев, Нұржан Керменбаев, Ғаділбек Жанай, Абдулкәрім Кәрімов, Мелс Сағатұлы, Рысбек Аташ, Ербол Нариманұлы, Азамат Сыздықов, Райым Уайс, Жұбаныш Жексенұлы, Аян Бірбаев, Әділжан Умаров, Арман Қоңырбаев, Күнтуған Солтан, Аңсат Ділдабай болса, ел намысын актёрлерден Тәуекел Мүсілім, Әділ Ахметов, Қуаныш Керімқұлов, Шыңғыс Төлеген, Марселен Камате,  режиссёрлерден Ақылбек Досжанов, Әнуар Матжанов және продюсерлер Ғалымжан Арыстанбекұлы, Алмас Алтынбеков, Абай Жансарбаев қорғады.

Айта кетейік, бұған дейін отандық шоу-бизнес өкілдері чемпионатқа 5 рет қатысып, былтырғы турнирдің финалында Ұлыбритания құрамасын 2-1 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанған еді.