Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Скип қызметінен кетеді
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Скип өз қызметінен кетеді.
Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) баспасөз қызметі Kazinform тілшісіне мәлім етті.
Федерацияның хабарлауынша, тараптар келісімшартты ұзартпау туралы шешім қабылдады.
Нидерландтық бапкер ұлттық құрама тізгінін 2026 жылдың тамызында ұстады. Ол қызметінен кеткен қазақстандық маман Талғат Байсуфиновтың алмастырды.
Нидерландтық 62 жастағы маманның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасының топтық кезеңінде С дивизионы үшінші тобында алты матч өткізді.
Бұл турнирде құрама бірде-бір жеңіске жете алған жоқ. Үш рет тең ойнаса, қалғанында жеңілістің ащы дәмін татты. Атап айтқанда, Фарер аралдарымен (2:2, 1:1) екі, Словакиямен (1:1) бір мәрте тең нәтижеге қанағат білдірді.
Ал Молдоваға (1:2, 1:2) екі, Словакияға (1:2) бір мәрте есе жіберді. Небәрі 3 ұпай жинаған Қазақстан құрамасы өз өз тобында төртінші орынды місе тұтты. Ұлттық құрама В лигасына оралу міндетін орындай алған жоқ.
Футболшы ретінде Джон ван ’т Скип Амстердамның «Аякс» және Италияның «Дженоа» клубтарында өнер көрсетіп, Нидерланд құрамасында ойнады. Ұлттық құрамамен бірге 1988 жылғы Еуропа чемпионы атанды.
Еңбек жолында алдымен нидердандтық «Аякстың» бас бапкері қызметін атқарды. Сондай-ақ «Твенте», «Зволле», Мексиканың «Гвадалахара» және Аустралияның «Мельбурн Сити» командаларының тізгінін ұстады. 2016 жылы «Мельбурн Сити» клубымен бірге Аустралия кубогын жеңіп алды.
Халықаралық деңгейде Джон ван ’т Скип Грекия және Армения ұлттық құрамаларының бас бапкері қызметін атқарды.