Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен легионерлер командасы арасындағы жолдастық кездесу 2:2 есебімен аяқталды
АЛМАТЫ. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Кеше Алматыдағы орталық стадионда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен Премьер-лигада өнер көрсететін легинонерлерден жасақталған команда арасында жолдастық кездесу өтті.
Алдымен «Астананың» сербиялық легионері Ненад Эрич қорғаған қақпадан «Ертістің» жартылай қорғаушысы Павел Шабалин 9-минутта саңылау тапты. Виктор Кумыков сенім артқан командадан «Жетісудың» хорватиялық аяқдопшысы Эдин Юнусович оны кездесудің екінші жартысында (58 минут) теңестірді. «Астаналық» қорғаушы Қайрат Нұрдәулетов 81-минутта пенальти арқылы ұлттық құраманы тағы алға шығарған еді, араға 5 минут салып «Шахтердің» колумбиялық жартылай қорғаушысы Хенао Роджер Каньяс есепті екінші рет теңестіріп, кездесудің соңғы нүктесін қойды. Ұлттық құрама қақпасына легионерлер екі допты да екінші таймның басында «ақтөбелік» Андрей Сидельниковты «жетісулық» Владимир Логиновский ауыстырған соң енгізді.