Футболдан Қазақстанның 4 дүркін чемпионы Германияның 5 дүркін чемпионымен жолдастық кездесу өткізеді

АЛМАТЫ. 10 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан "Ақтөбе" футбол клубы ертең алғашқы жолдастық кездесуін өткізеді.

Футболдан Қазақстанның 4 дүркін чемпионы Германияның 5 дүркін чемпионымен жолдастық кездесу өткізеді

Қазақстан чемпионатының 4 дүркін чемпионы болған ақтөбеліктердің қарсыласы - Германияның 5 дүркін чемпионы "Штутгарт" командасы. Ақтөбеліктер 2005, 2007, 2008, 2009 жылдары ел чемпионы, ал 2008 жылы кубогтың, 2008, 2010 жылдары суперкубогтың иегері атанған болатын. Штуткгарттықтар болса Германия чемпионатында 1950, 1952, 1984, 1992, 2007 жылы чемпион, 1954, 1958, 1997 жылдары ел кубогының және 1992 жылы суперкубоктың жеңімпазы болды. Сондай-ақ 2000, 2002, 2008 жылдары Интертото кубогының иегері атанды.

Владимир Мұқанов жаттықтыратын ақтөбеліктер жаңа маусымға әзірлік кезіндегі алғашқы оқу-жаттығу жиынын Анталияда 6 қаңтарда бастаған болатын. 13 күндік бұл басқосу кезінде олар 3 жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. "Штутгарттан" кейін 15 қаңтарда Ресейдің "Металлург" (Красноярск), ал 18-і күні "Кубань" (Краснодар) командасымен күш сынасатын болады.