15:15, 31 Қаңтар 2009 | GMT +5
Футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасына жаңа бас бапкер тағайындалды
АЛМАТЫ. Қаңтардың 31-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасын енді Бернд Шторк жаттықтыратын болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Неміс маманы бұған дейін осы қызметті Арно Пайперстің отставкасынан кейін уақытша атқарып келген болатын. Оған дейін Қазақстанның жастар құрамасы мен Премьер-лигадағы «Алма-Ата» футбол клубын жаттықтырған еді. Өзіне сенім білдіргені үшін федерация басшыларына алғыс айтқан Б. Шторк енді ұлттық құраманың ойын өрнегіне өзгеріс енгізуді алдына мақсат етіп қойып отыр. Оның айтуынша, бапкерлер штабында бұрынғыдай Григорий Бабаян екінші бапкер, Аркадий Бакулин бапкер, Хенц-Георг Менценбах қақпашылардың бапкері боп жұмыс жасамақ. Командадағы өзгеріс фитнес жөніндегі бапкер болып Виктор Мордың келуі болып отыр. Бас бапкер Түркиядағы жиынға қақпашылардан - Давид Лория, Андрей Шабанов пен Александр Мокинді, қорғаушылардан - Эмиль Кенжесариев, Александр Киров, Юрий Логвиненко, Абзал Жұмабаев, Илья Воротников, Иван Шевченко мен Александр Кислицынды шақырып отыр. Сондай-ақ жартылай қорғаушылардан - Руслан Балтиев, Сергей Скорых, Азат Нұрғалиев, Сабырхан Ибраев, Жамбыл Көкеев, Мақсат Байжанов, Вячеслав Эрбес, Алдан Балтаев пен Андрей Карповичті, ал шабуылшылардан Глеб Мальцев, Сергей Остапенко, Таңат Нөсербаев және Сергей Хижниченко шақырту алған.