Футболдан Қазақстанның жастар құрамасы Швеция және Черногориямен ойынға дайындығын бастайды

АСТАНА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Футболдан 21 жасқа дейінгі Қазақстанның жастар құрамасы 2011 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Швеция және Черногория командаларымен ойнау үшін, қазанның 4-інде дайындықтарын бастайды,

Футболдан Қазақстанның жастар құрамасы Швеция және Черногориямен ойынға дайындығын бастайды

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, біздің команда қазанның 11-інде Астанада Швеция құрамасын қабылдайды. Ал, қазанның 14-інде сырт алаңда Черногориямен кездеседі.

Айта кетейік, Қазақстанның жастар құрамасы Еуропа чемпионаты іріктеу турнирі аясында Израиль, Швеция, Болгария және Черногория құрамаларымен бірге 6-шы топта өнер көрсетуде. Бұған дейін жерлестеріміз іріктеу турнирі аясында бес ойын өткізіп, соның біреуінде тең түсті, біреуінде жеңіске жетті, үш кездесуде жеңіліп қалды. Осылайша, бес ойыннан кейін 4 ұпай жинаған олар әзірге өз тобында үшінші орында келеді.

Іріктеу турниріне барлығы 52 команда қатысуда. Дания чемпионатты ұйымдастыратын ел болғандықтан, бірден финалға жіберілді. Қалған командалар он топқа бөлінді. 2009 жылғы наурыздың 28-інде басталған, 2010 жылғы қыркүйектің 7-сінде аяқталатын іріктеу турнирінде топтардың әрқайсында екі айналымнан тұратын ойындар өтеді. Іріктеу турнирінің қорытындысы бойынша әр топтың жеңімпазы және нәтижелері үздік екінші орын алған төрт команда плей-оффқа өтіп, жеті жұпты құрады. Бұл кезеңде сәтті ойнаған жеті жұптың жеңімпаздары Даниядағы финалдық турнирге жолдама алады.