Футболдан ҚПЛ: «Каспий» «Қайсарды» жеңді
Алғашқы матч Жамбыл облысының «Тараз» және Көкшетаудың «Оқжетпесі» арасында болды. Екі команда да доп додасында сәтсіз ойын көрсетіп келеді. Бүгінге дейін «Тараз» небәрі 5 ұпай жинаса, «Оқжетпес» бес кездесудің барлығында қарсыласына есе жіберіп қойды.
Алғашқы кезеңде көкшетаулық клубтың белсенділігі айқын аңғарылып тұрды. Дегенмен, тараздық шабуылшы Бауыржан Тұрысбек 26-минутта есеп ашты.
Екінші кезеңде «Оқжетпес» сапынан Санат Жұмаханов - 47, Мартинс Жиан дос Сантос 74-минутта қос гол соғып кетті. Ал 88-минутта Бауыржан Тұрысбек қайтадан таразы басын теңестірді. «Оқжетпес» кездесу тағдырын шешкен допты 89-минутта салды. Осылайша, көкшелік клуб 3:2 есебімен жеңіске жетті. Нәтижесінде олар биылғы чемпионаттағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Биыл Премьер-лигаға ұзақ жылғы үзілістен кейін қайта оралған Ақтаудың «Каспий» клубы да бес тур бойы бірде-бір ұпайға қол жеткізе алған жоқ. Есесіне бүгінгі қарсыласы - Қызылорданың «Қайсары» бірде-бір мәрте жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ болатын. Бүгінгі кездесуде «Каспий» 1:0 есебімен жеңіске жетті. Жалғыз голды ақтаулық футболшы Стефан Букорац өзінің еншісіне жазды.
Енді, алтыншы тур аясында 27 тамыз күні «Жетісу» мен «Қызылжар» командалары кездеседі. Осы турдағы «Қайрат» пен «Астана», «Ордабасы» мен «Тобыл» командалары арасындағы кездесулер белгісіз мерзімге кейінге шегерілді.