ҚПЛ: «Қайсар» үздік үштікке енді
Соңғы екі кездесу «Қайсар» мен «Жетісу», «Қызылжар» мен «Шахтер» командалары арасында өтті.
«Қайсар» мен «Жетісудың» деңгейі шамалас. Жанкүйерлер бұл кездесуде тартысты ойын күтті. Ойын тағдырын жалғыз гол шешті. Оны 75-минутта қызылордалық шабуылшы Элгуджа Лобжанидзе соқты. Қызылордалық ұжым 1:0 есебімен жеңіск ежетті.
Айта кетелік, чемпионат басталғаннан бері «Қайсар» жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Төрт кездесудің үшеуінде жеңіске жетіп, біреуінде тең нәтижеге қанағат білдірді. Нәтижесінде «Қайсар» турнир кестесінде 10 ұпаймен үшінші орынға көтерілді.
Тағы бір кездесуде «Қызылжар» мен «Шахтер» шеберлік байқасты. Ойын барысында қарағандылық ұжым сапынан 14-минутта Андрей Буйволов есеп ашса, 77-минутта петропавлдық Габрьел Энаке таразы басын теңестірді. Ал 85-минутта «Шахтер» қайтадан алға шықты. Бұл голды Абдель-Азиз Ламанж өзінің еншісіне жазды. «Шахтер» ойыншысы Айдос Тәттібаев 90-минутта үшінші гол соғып, қорытынды есепті белгіледі. Қарағандылық команда 3:0 есебімен басым түсті.
Естеріңізге сала кетелік, кеше, 21 тамызда бесінші турда екі ойын өткізілді. Шымкенттің «Ордабасы» клубы Ақтаудың «Каспийін» 1:0, Алматының «Қайраты» Қостанайдың «Тобылын» 3:1 есебімен жеңді. Ал бүгін елордалық «Астана» Көкшетаудың «Оқжетпесінен» 2:0 есебімен басым түсті.
Енді алтыншы тур ойындары 26 және 27 тамыз күндеріне белгіленді. 26 тамызда «Тараз» бен «Оқжетпес», «Каспий» мен «Қайсар», 27 тамызда «Жетісу» мен «Қызылжар» командалары кездеседі. Осы турдағы «Қайрат» пен «Астана», «Ордабасы» мен «Тобыл» командалары арасындағы кездесулер белгісіз мерзімге кейінге шегерілді.