Футболдан ҚР премьер-лигасының 7-ші туры: «Ақтөбе» «Қайраттан» оңбай ұтылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 7-ші турында павлодарлық «Ертіс» «Астанамен» тең ойнаса, Алматының «Қайраты» қаһарына мініп, «Ақтөбенің» тас-талқанын шығарды. Ал Көкшетаудың «Оқжетпесі» кезекті жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлады Sports.kz.
Сонымен:
«Тобыл» - «Жетісу» 2:2 (2:0)
Гол: Джалилов 1 (1:0), Джалилов 13 (2:0), Савич 54 (2:1), Тұрысбек 56 (2:2)
Қостанайдың «Тобылы» ұпай санын жанкүйерінің көңілін күпті ететіндей қарқынмен жоғалту үстінде. Бұл команда Талдықорғанның «Жетісуымен» өткен кездесудің алғашқы таймында-ақ Рауль Джалиловтің небәрі 15 минутқа жетпейтін уақыттың ішінде соққан голының арқасында айдарынан жел есіп тұрған еді. Алайда, ойынның екінші бөлігінде талдықорғандықтар қаһарына мініп, қарсыластарының қақпасына қарымта 2 доп соғып кетті. Кездесудің 54-ші минутында «Жетісу» көшбасшысы Душан Савич қостанайлықтардың осал тұсын дәл аңғарса, 2 минут өтпей Бауыржан Тұрысбек командаласының ерлігін қайталай алды.
«Оқжетпес» - «Ордабасы» 2:0 (2:0)
Гол: Чижов 2 (1:0), Молдақараев 3 (2:0)
Бұл турды көкшетаулық «Оқжетпес» сәтті бастады десек те болады. Өйткені, Шымкенттің «Ордабасы» командасымен жолы түйіскен көкшетаулықтар ойынның алғашқы 3 минутында қарсыластарының қақпасына теңбіл топты тербетті. Алғашқы допты Сергей Бойченко соқса, одан кейін Жасұлан Молдақараев қарсыластарының қақпасының осал тұсын дәл тапты. Шымкенттіктер әзірше жанкүйлерлерін қуанта алар емес. Бірде жеңістің буына масаттанса, бірде жеңілістің ащы дәмін татып, ала-құла өнер көрсетуде.
«Тараз» - «Атырау» 0:0
Екеуіне де жеңіс аса қажет келесі командалар жұбы Таразда тоқайласты. «Атырау» командасын өз алаңында қабылдаған «Тараз» жергілікті жанкүйерлердің қарасы қалың болса да адым аша алмады.
«Қайрат» - «Ақтөбе» 3:0 (2:0)
Гол: Маркович 42 (1:0), Аршавин 43 (2:0), Тимощук 90 (3:0)
Бұл жолы Алматының «Қайраты» айқын жеңіске жетті. Ойынның алғашқы кезеңінде алматылық Жерар Гоу мен Андрей Аршавин қарсыластарының қақпасына гол соқса, екінші таймның соңында Анатолий Тимощук ақтөбеліктердің осал тұсынан дөп түсті.
«Ертіс» - «Астана» 2:2 (1:2)
Гол: Ахметов 3 (1:0), Деспотович 6 (1:1), Мужиков 28 (1:2), Фонсека 58 (2:2)
Астана мен Павлодар ойыны да барынша тартысты өтіп, командалар итжығыс түсті десек те болады. Әрине, жеңіс болмаса да мұндай тепе-теңдік елордалық команда үшін оңтайлы. Өйткені, елордалық клуб рейтинг кестесінде көшбасшылық орнын сақтап қалып отыр.
«Ақжайық» - «Шахтер» 0:1 (0:1)
Гол: Финонченко 17 (0:1)
Әупірімдеп жүріп, қарағандылық «Шахтер» өз ұпайына қол жеткізді. Бұл жолы Оралға барған кеншілер жергілікті «Ақжайық» командасының қақпасына ойынның 17-ші минутында гол соғып, жеңіске жетті.