Футболдан Олимпиаданың ширек финалына шыққан командалар белгілі болды
ПАРИЖ. KAZINFORM — Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы (U-23) футбол додасының топтық кезеңі аяқталып, ширек финалға шыққан барлық құрама анықталды.

Олимпиаданың топтық кезеңінде 16 команда өзара бақ сынады. Нәтижесінде әр топтағы үздік 2 құрама плей-офф кезеңіне жолдама алып отырды.
А тобында Франция мен АҚШ, В тобында Марокко мен Аргентина, С тобында Мысыр мен Испания, ал D тобынан Жапония мен Парагвай келесі кезеңге өтті.
Енді ширек финалда Франция мен Аргентина, Мысыр мен Парагвай, Марокко мен АҚШ және Жапония мен Испания өзара мықтыны анықтайды.
Ширек финал 2 тамызда, жартылай финал 5 тамызда өтеді.
Ал қола медаль үшінші бәсекелер 8 тамызға, финал 9 тамызға жоспарланған.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін шілденің соңғы күнінде Париж Олимпиадасында қазақстандық спортшылар спорттың бес түрінен — триатлон, стенд ату, бокс, спорттық гимнастика және оқ атудан жарыс жолына шығады.
Қазірге еліміздің құрамасы 1 алтын, 2 қола жүлдемен жалпы медальдар кестесінде 12-ші орында келеді.