Футболдан UEFA Ұлттар лигасында Украина Армения құрамасын ойсырата ұтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – UEFA Ұлттар лигасының В дивизионында ойнайтын Украина Лодзь қаласында Армения командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан UEFA Ұлттар лигасында Украина Армения құрамасын ойсырата ұтты

Бұған дейін Украина сырт алаңда Ирландияны 1:0 есебімен жеңген еді. Ал Армения өз алаңында сол ирландиялықтарды 1:0 есебімен тізе бүктіріп, Шотландияда 0:2 есебімен есе жіберген болатын.

Негізінен алаң иелерінің басымдылығымен өткен бұл ойында 61-минутта Александр Караваевтан пас алған Руслан Малиновский есеп ашты. Ал 77-минутта А.Караваевтың өзі мергендік танытты – 2:0. 84-минутта қорғаушының қателігінен кейін Виталий Миколенко есепті 3:0-ге жеткізді.

Осылайша, екі ойыннан кейін 6 ұпай жинаған Украина командасы өз тобында көш бастады.

Биыл Катарда өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Украина мен Қазақстан бір топта ойнап, екі матчта да тең түскен еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан Ұлттар лигасында Словакияның Әзербайжанды ұтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Қазақстан Беларусьпен тең түсті.