Футболшы соңғы рет пас берді де алаңда жан тапсырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - КСРО құрамасы және Киевтің «Диномосы» командасының бұрынғы ойыншысы Андрей Баль жасы 57-ге қараған шағында кенеттен көз жұмды. Ол өзінің жоғарыдағы екі құрамда бірге ойнаған әріптес досы Владимир Бессоновтың қолында, футбол алаңында жан тапсырды. Бұл туралы Eurosport-қа сілтемемен egemen.kz хабарлады.
«Біз, ардагерлер ретінде, жылдар бойы қалыптасқан дәстүрімізге сай, күндізгі сағат 11-де орталық стадион алаңдарының бірінде жиналған едік. Андрей тура менің қолымда өлді деуіме болады. Ол пас берді де кенет ешкіммен қақтығыспастан, құлай кетті», - деді Бессонов оқиға орын алғаннан кейін.
«Андрей Баль аса көрнекті футболшы және сыйлы адам еді. Оның ашық-жарқын мінезі, қарапайымдылығы, көңілділігі ерекше еді... Ол әрқашан ұжымның сәні болатын. Көпшілік арасында әрдайым қасындағылардың рухын көтеріп жүретін. Біз онымен 1976 жылы КСРО-ның жасөспірімдер құрамасы сапында Еуропа чемпионатын, келесі жылы әлем біріншілігін жеңіп алғалы бері бірге келеміз. Андрей бекерден-бекер команда капитаны болған жоқ. Ол қашанда алда, алғы шепте жүретін. Өкініштісі, өмірден ерте кетіп барады. Ол әлі бұл дүниеде, әсіресе, футболда талай нәрсе жасайтын еді», - деді бұрынғы әріптесі.
Баль 1958 жылы 16 ақпанда Львов облысының Роздол поселкесінде туған. Қорғаныс пен жартылай қорғаныс шептерінде ойнады. Футболшылық мансабының басым бөлігін Киевтің «Динамосында» өткізді. КСРО құрамасы сапында 1981-1989 жылдары ойнады. 1982 және 1986 жылдары әлем чемпионаттарына қатысты. КСРО-ның 1981, 1985, 1986 және 1990 жылдарғы 4 дүркін чемпионы. КСРО Кубогының 4 реткі (1982, 1985, 1987, 1990) иегері. Кубок иелері кубогының 1986 жылғы жеңімпазы.
Соңғы жылдары Андрей Баль Киевтің «Динамо» командасы құрылымында жаттықтырушының ассистенті, жаттықтырушы-селекционер болып қызмет етті.