Футзал: «Қайрат» УЕФА кубогы үшін жарысты элиталы кезеңнен бастайды

АСТАНА. Шілденің 7-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Футзалдан 2009/2010 жылдардағы УЕФА кубогы үшін турнирде еліміз атынан сынға түсетін Алматының «Қайрат» клубы жарысты элиталы кезеңнен бастайтын болды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Футзалдан 2009/2010 жылдардағы УЕФА кубогы үшін бәсекенің жеребесі тартылды. Бұл турнирде Қазақстан атынан тағы да ел чемпионы - Алматының «Қайрат» клубы сынға түседі. Соңғы төрт маусымда «Қайрат» үш мәрте УЕФА кубогы үшін жарыстың жартылай финалына шықты. Бұл біздің чемпионның рейтингінің жоғарылауына ықпал етті. Осы жолы алматылықтар УЕФА кубогы жолындағы жарысты элиталы кезеңнен бастайтын болды», делінген Қазақстан футбол федерациясының таратқан хабарламасында.

 «Қайраттан» бөлек өзінің турнирдегі жолын осы кезеңнен УЕФА кубогының қазіргі иегері - Испанияның «Интервью», 2007/2008 жылғы маусымның жеңімпазы - Ресейдің «Виз-Синара» және 2008/2009 жылғы жарыстың ақтық сынына шыққан Испанияның «Эль Посо» командалары бастайды.

Жалпы, УЕФА кубогы үшін жарыс төрт кезеңнен тұрады. Алдын ала кезеңде жарысқа 7 топқа бөлінген 28 команда қатысып, бұлардың жеңімпаздары негізгі кезеңге жолдама алады. Бұл кезеңде алты топқа бөлінген 24 команда шеберлік байқасады. Әр топтан үздік шыққан екі клуб элиталы кезеңге жолдама алады. Содан кейін барып УЕФА кубогын төрт команданың қатысуымен өтетін финалдық кезеңде сарапқа салынады. Алдын ала кезеңнің ойындары - тамыздың 15-і мен 23-і, негізгі кезеңнің ойындары - қыркүйектің 26-сы мен қазанның 4-і, элиталы кезеңнің ойындары қазанның 14-і мен қарашаның 22-сі аралықтарында өтеді.

Соңғы жаңалықтар