Футзал: Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Словениямен тең ойнады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футзалдан 2016 жылғы әлем чемпионаты іріктеу турнирінің екінші турында Қазақстан құрамасы Словениямен 2:2 есебімен тең ойнады.
Vesti.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, ойынның 10-минутында қазақстандықтардан Шыңғыс Есенаманов бірінші болып есеп ашты. Бірақ бір минуттан кейін словениялық Рок Мордей таразы басын теңестіріп үлгерді. 19-минутта Дәурен Нұрғожин Қазақстан құрамасын қайтадан алға шығарды. Дегенмен, 29-минутта словениялық Кристьян Чуец есепті теңестірді. Екі турдан кейін төрт ұпай жинаған Қазақстан құрамасы өз тобында алда келеді. Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 13 желтоқсан күні Франция ойыншыларымен өткізеді. Бұл Какау шәкірттері үшін топтық кезеңнің соңғы ойыны болмақ. Астана уақытымен 18.00-де басталатын матч тікелей эфирде «ОН-ТВ» (бұрынғы «Таң»)телеарнасынан көрсетіледі. Айта кетейік, алғашқы екі орынды иеленген командалар әлем чемпионатына берілетін жолдама үшін күресті алдағы жылы жалғастырады. 2016 жылғы наурыз-сәуірде өтетін плей-офф бәсекелерінен кейін Еуропадан Колумбияда 14 қыркүйек - 2 қазанаралығында өтетін әлем біріншілігіне баратын жеті құрама белгілі болмақ. Фото Қайрат ФК сайтынан алынды.