Футзал: Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатында алғашқы тарихи жеңісіне қол жеткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сербияның Белград қаласында футзалдан өтіп жатқан Еуропа чемпионатының С тобында Қазақстан құрамасы екінші кездесуін Хорватиямен өткізіп, 4:2 есебімен жеңіске жетті.

Футзал: Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатында алғашқы тарихи жеңісіне қол жеткізді

«Қазақстан» телеарнасынан көрсеткеніндей, бірінші таймда 6-минутта Қазақстан құрамасынан Дуглас мергендік танытып, есеп ашты. Дегенмен бір минуттан кейін Қазақстан құрамасының капитаны Дінмұхамбет Сүлейменовтің қателігінен кейін хорваттар (Ведран Матошевич) таразы басын теңестірді. Іле-шала Д.Сүлейменов хорваттардың ойыншысын әдемі алдап өтіп, есепті 2:1-ге жеткізді. 17-минутта Серік Жаманқұлов қарсыластар қақпасын дәл көздеді.

Екінші таймда С.Жаманқұлов өзінің екінші голын салды. Бұдан кейін хорваттар қақпашысын алаңдағы ойыншыға ауыстырып, шабуылдауға тырысып бақты. Олардың бұл тактикасы бір рет қана жемісін беріп, Сутон есепті 4:2-ге қысқартты. Осыдан соң С.Жаманқұловтың да, Шыңғыс Есенамановтың да гол соғатындай мүмкіндіктері болды.

Сөйтіп Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатындағы алғашқы да маңызды жеңісіне қол жеткізді. С тобында енді бір ғана ойын қалды. 7 ақпан күні Ресей мен Хорватия соңғы кездесуін өткізіп, осы топтан плей-оффқа жолдама алған қос команда белгілі болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Какаудың шәкірттері ресейліктерге 1:2 есебімен есе жіберген болатын.