Футзалдан ӘЧ: Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде Беларуське есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Футзалдан Қазақстан құрамасы 2028 жылғы әлем чемпионаты негізгі іріктеу кезеңінде сырт алаңда Беларусьпен кездесу өткізді.
Ойын барысында беларусьтік құрама жылдым гол соғып үлгерді. Олардың қатарынан 7-минутта Владислав Селюк есеп ашса, одан кейін Алексей Пинчук 9, Владислав Шадурка 13, Сергей Крыкун 28, Сергей Синицкий 39-минутта мергендігімен көзге түсті.
Оған ел құрамасынан Ринат Төреғазин бір голмен жауап қайырды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы қарсыласына 1:5 есебімен есе жіберді.
Қазақстан құрамасы бұдан кейін 9 желтоқсан мен 2027 жылдың 2 наурызында Албаниямен екі ойын өткізеді.
Айта кетейік, іріктеудің негізгі кезеңінде 36 ұлттық құрама бақ сынайды. Олар үш құрамадан 12 топқа бөлінді. Матчтар үйде және сырт алаңда өтеді.
Негізгі раунд матчтары 2026 жылғы 12-21 қазан, 2-11 қараша, 6-9 желтоқсан аралығында және 2027 жылғы 22 ақпан мен 3 наурыз аралығында болады.
Негізгі кезеңнің қорытындысы бойынша барлық 12 топтың жеңімпазы мен екінші орын алған үздік төрт құрама элиталық раундқа тікелей жолдама алады. Ал екінші орын иеленген қалған сегіз команда плей-офф кезеңінде әлем чемпионатының келесі сатысына шығу үшін күресін жалғастырады.
Қазірге дейін футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты финалдық кезеңіне төрт мәрте қатысты. Әзірше ең жоғары жетістігі — 2021 жылғы төртінші орын.
Еске салсақ, бұдан бұрын Екі құрама арасында елордада өткен алғашқы матчта отандастарымыз 5:4 есебімен басым түскен еді.